Шығыс Қазақстан облысында құстар азайып барады

Орнитолог мамандар осылай деп дабыл қағып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың зерттеуінше, бүгінгі күні өлкеде құстың 19 түрі жойылып кеткен. Мамандар бұған шаһарлар мен елді мекендердің өсуі, өнеркәсіптің қарыштап дамуы ықпал етіп отыр деп санайды.

Шығыста құс түрлері азайып барады деп алаңдаушылық танытып отырғандардың бірі – белгілі орнитолог ғалым Борис Щербаков. Оның айтуынша, мұны байқау қиын емес.

Борис Щербаков, орнитолог:

- Өлкеде құстың 19 түрі жоғалып кетті. Әрине, келіп қосылып жатқан құстар да бар, бірақ олар аз. Сондықтан жалпы қанаттылар азайып келе жатыр деуге негіз бар. Соның ішінде атап айтар болсам, торғайлар, тоқылдақтар, жапалақ түрлері жоқтың қасы.

Шымшық пен қарға көбейіп келе жатыр, бірақ өлкеге тән бозторғайлар тіпті көрінбейді деп қынжылады табиғат жанашыры.

Бір қуанарлығы, орнитофаунадағы бұл өзгеріс әзірге Қатонқарағай мемлекетік ұлттық саябағында әлі байқалмаған. Мұнда керісінше, құс түрлері көбейіп келеді. Жиырма жылдық тарихы бар парк алғашқы бес жылдықта барлық аң құсттың есебін жүргізген екен. Міне, сол кезде мұнда 278 құс түрі болса, қазір 281-ге жетіпті. Соның 21-і Қызыл кітапқа енген. Өйткені саябақта қанаттылардың жерсінуі әрі көбеюі үшін жасанды ұялар орнатылып, жем-шөп шашу жұмыстары жүргізіледі.

Раушан Қырықбаева, «Қатонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ бас директорының орынбасары:

- Біз Қызыл кітапқа енген жануар түрлерін ерекше бақылауға аламыз. Әрбір қыс көктем сайын олардың да есебі жүргізіледі. Мысалы, құстарға ұя орнатып қоямыз, яғни жасанды платформа ұйымдастырамыз деуге болады. Соңынан соның нәтижесін тексеріп зерттеп, өзгерістерді бақылаймыз.

Владимир Воробьев – осы ұлттық саябақтың орнитологы әрі фотографы. Байқауынша, мұнда құс түрлері көбейіп жатқанымен, мүлдем құрып кеткендері де бар. Мәселен, мына кішкене ғана тіршілік иесін осыдан үш жыл бұрын кадрге іліпті. Қазір бұл құс атымен жоқ. Өйткені емдік қасиеті жоғары болғандықтан, торға түсуі жиілеген.

Владимирдің жеке қорында 238 құстың фотосуреті бар. Қанаттылар тіршілігін зерттеу үшін тәуліктеп, жаңбыр мен қар астында жатуға бар азамат осы күнге дейін аумақтан құстың 15 жаңа түрін тауыпты.

Владимир Воробьёв, «Қатонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ орнитолог маманы:

- Қызығы бір төбе болса, қиындығы тағы бір төбе. Бір құсты бақылау үшін таңғы сағат үш жарымнан бастап түскі 12-ге дейін тапжылмай бір орында отыру керек. Сол жердегі шөп шалам бұтақтардан уақытша лашық жасап, аңдуға тура келеді. Жақсы фотосуреттер түсірілсе, осы қиындықтың барлығы ұмытылады.

Саябақ аумағындағы құстарды толық зерттеу үшін заманауи техникалар да қолданылып жатыр.

Әлия Ғабдуллина, «Қатонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ бөлім басшысы:

- Енді кейбір зерттеу нәтижесіне сүйеніп болжам жасайтын болсақ, қазір Қызыл кітапқа енген құс түрлері артып келеді. Біз биік жерлерді дрон арқылы бақылап жүрміз. Оның құстарға ешбір зияны тимейді. Кейде тұрғындар ерекше жануарлар, құстар көрдік деп хабарлайды. Ол ақпараттарды да қарастырамыз.

Құстарға барынша қамқорлық көрсетіліп, қолайлы жағдай жасалса ғана олар ортасына оралуы мүмкін дейді мамандар. Сонда ғана аққу-қаздар қаңқылдап, қамыс-тоған ән тыңдай берері анық.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов