Қызылорда облысында мектеп инспекторлары жеткіліксіз

Сол себепті жергілікті полиция қызметі қосымша 71 адамды жұмысқа алу жөнінде ұсыныс беріп отыр. Аймақтағы 300-дей білім беру ұйымының 136-сындағы бейнебақылау камералары жедел басқару орталығына қосылмапты. Сондай-ақ өңірдегі 48 мектепте ғана турникет орнатылған. Оның нешеуі жарамды екені белгісіз. Осы ретте полиция департаменті мен салалық басқарма мамандары әлеуметтік нысандардағы қауіпсіздік шараларын тексеруге кірісті.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету өзекті мәселеге айналып отыр. Жыл басынан бері кәмелетке толмаған жасөспірімдер қолымен 16 қылмыс тіркелген. Бір қуантарлығы, өңірде аудан-ауданға бөлініп, бір-бірін аямай сабайтын топтық төбелес тыйылған. Қазалы ауданындағы 40 шақты мектептің барлығына бейнебақылау жүйесі орнатылғанымен 9-ы ғана полицияның кезекші бөліміне қосылған. Жалпы білім беру нысандарын мамандандырылған күзет мекемелерінің қорғауына беру жөніндегі аудандық білім бөлімінің ұсынысы жоғарғы инстанцияларда қаралу үстінде. Әзірге оқушылар мен мұғалімдер қауіпсіздігі мектеп қарауылдарының қолында.

Әділхан Жөлекешов, Қазалы аудандық білім бөлімінің басшысы:

- Енді қарауылдар штаты жеткілікті, қарауылдар түнгі мезгілде мектептерде және мереке, демалыс күндері күндізгі уақытта тұрады. Қосымша көбейтуді қажет етпейді қарауылдар. Қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Оқу жылы аяқталуға жақын дегенмен алдағы жаңа оқу жылында талапты күшейтіп, қосымша шараларды қабылдайтын боламыз.

Болат Кабизов, Қазалы аудандық полиция бөлімінің бастығы:

- Аудан көлемінде бірнеше мәрте «Абайлаңыз балалар», «Балалар түнгі қалада», «Жасөспірім» жедел профилактикалық шаралар өткізілуде. Жалпы есепті мерзімде тәртібі қатаң бақылауды қажет ететін 2 кәмелетке толмаған, сонымен қатар 5 қолайсыз отбасы профилактикалық есепке алынып, олармен жұмыс жүргізіліп келеді. 

Мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарын бейнебақылау жүйелерімен жарақтауға және оларды талапқа сәйкестендіру үшін облыстық бюджеттен 252 миллион теңге бөлінді. Қазіргі таңда орнатылатын камералардың техникалық сипаттамасына келісім алынды. Ал оның сапалы жұмыс істейтініне көз жеткізу үшін мониторинг шаралары басталды.

Бауыржан Ибраев, ОПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы:

- Мемлекеттік мүдделі органдармен бірлесіп, әрбір білім беру ұйымдарында орнатылған бейнебақылау камераларының стандартқа сәйкес келуі, дабыл қондырғысы, металл іздегіш болуы, жеке күзет мекемелерімен келісім-шартқа отырғандығы жөнінде мәселелер бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Ыбырай Алтынсарин атындағы №204 мектептің ұстаздары сыртқы қауіпсіздікпен қатар балалардың психологиялық ахуалын бақылауда ұстау керек дейді. Мұнда құрылған «Жантану» клубының мүшелері оқу жылының басында әр оқушының өмірлік дағдысын зерттеп, суицидалды мінез-құлқын айқындайды. Аула бұзықтары тыныштық бермейді ма әлде ересектер тарапынан қысым жасалады ма? Осы сауалдардың жауабын табу арқылы қылмыстың алдын алуға болады дейді психологтар.

Жәния Бисенова, педагог-психолог:

- Досына немесе сыныптасына қалай көмек көрсету қажеттілігі туралы арнайы оқушыларды дәрістен өткіземіз осы «Жантану» психологиялық клубының мүшелерін. Мінеки осы бағытта жасалған жұмыс 3 жылдан бері нәтижесін беріп келе жатыр. Мектеп оқушылары өз достары туралы хабарлама жасап және ол балаларға дер кезінде көмек көрсетіліп, балалардың өмірі сақталған жағдайлар да бар.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, аймақтың барлық мектебінің әжетханасы нысан ішіне кіргізілген. Оқушылар үшін санитарлық-гигиеналық жағдай толық жасалған. 

Авторлар: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев