Атырау іргесіндегі елді мекендер ауызсудың азабын тартып отыр

Соңғы он жылда бой көтерген ауылдар мен ықшам аудандар су құбырының нашарлығынан тіршілік нәрінен тарығып келеді.

Себебі бау-бақшаны суаруға арналған жазғы құбыр жоқ. Салдарынан жаз айларында құбырдағы қысым күрт төмендейді. Ал шеткі елді мекендерге су тамшылап қана жетеді.

Жаңадан бой көтерген «Өркен» ауылының тұрғыны Арман Дайыровтың қазіргі басты жұмысы – кеш болса құбыр бойын аңдып, аз суды бақша мен ағаштарға жеткізу. Себебі бұл уақытта ауылда жаппай бақша суару басталады. Ал онсыз да қысымы төмен тіршілік нәрі көшенің басына жетсе, аяқ жағындағылар кезек күтеді.

Арман Дайыров, қала тұрғыны:

– Соңғы 4-5 жылда жаз басталса, су жоқ. Түнде сағат 12 ағады, таңда тоқтайды. Мына ағаш сол судың жоқтығынан өліп қалды. 5 жыл өсті, алтыншы жылға келгенде су жетпеді ешқайсысына. Ыдысқа жинап аламыз, оған да үлгере алмаймыз.

Айнұр Жексенғалиева, қала тұрғыны:

– Бақшаға жіберсек, үйге жеткізе алмаймыз. Сағат түнгі 12-ге дейін күтіп отырғанымыз. Бала-шаға жуынбайды. Егін дейміз, үйде жуынуға су болмайды. Ал халықтан ақша жинауға келгенде кәдімгідей алады.

Бұл тек «өркендіктердің» басындағы мұң емес. Атырау қаласы маңындағы 5 елді мекен осындай күй кешіп отыр. Сыздықтап ағатын судың сырын жауапты мекеме былайша түсіндірді.

Александр Пастухов, «Атырау облысы су арнасы» мекемесінің баспасөз хатшысы

– Біз тұрғындарға штаттық жүйеде қажетті мөлшерде су беріп отырмыз. Бірақ жаз айларында олар бақша мен басқа да қажеттеріне суды көп пайдаланады. Сол себепті қысым азайып, су жетпей қалады.

Ауыл тұрғындарының жан айқайы жергілікті билікке жақсы таныс. Өкініштісі сол, кезінде жер телімдерін жобалау сызбасына жазғы суару жүйесі енбей қалған. Соның салдарынан соңғы он жылда пайдалануға берілген елді мекендерде осындай жағдай қалыптасып отыр. Оны шешудің жолын әкімдіктегілер айтты.

Самат Емберген, қала әкімінің орынбасары:

– Атап айтатын болсақ, Өркен, Ақжар, Ақсай, одан кейін Кеңөзек, Еркінқала ауылдық округтерінде осындай мәселе туындап жатыр. Судың тапшылығына байланысты. Осындай су жетпейтін мөлтек аудандарға 100 тонналық резервуар қойылтын болады. Осы ыдыс кешкілік уақытта таңға дейін су арнасы мекемесі тарапынан жүргізілген құбырлар арқылы суды жинақтап күндізгі уақытта пайдалануға беретін болады.

Сусыз қалған ауылдарға шілде айына дейін 100 тонналық су жинайтын 12 резервуар қойылуы тиіс. Жалпы, бекітілген ереже бойынша 1 адам тәулігіне 200 литр ауыз су тұтынуы керек. Бірақ ауладағы жасыл желек пен бақшаны суаруға кететін шығын ескерілмеген. Сол себепті осындай проблема туындап отыр. Көктемнің өзінде су тапшылығын тартып отырған ауылдар шіліңгір шілдеде қалай күн көреді? Сондықтан 40 мыңға тарта атыраулық атқарушы биліктің уәде үдесінен шығуын асыға күтіп отыр.

Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов