Түркістан облысында ауыл халқы жеміс-жидек пен көкөністі суару үшін апталап кезек күтеді

Түркістан облысы Келес ауданында су деңгейі екі есе төмендеп кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жұрт жеміс-жидек пен көкөністі суару үшін апталап кезек күтеді.

Күн сайын Біртілек ауылының тұрғындары әр литр су үшін жанталасып, кезек күтуге дайын. Тамшыдай тіршілік нәрі егістікке жан бітіреді деп үміттеніп отыр. Себебі ризығын жерден тапқан диқандардың бар күн көрісі осы. Енді қара жерге күні қарап, маңдай тері текке кете ме деп алаңдайды. Шығынға шаш етектен батудың алдында тұрмыз деп ашынады.

Гүлбахар Алпысбаева, Біртілек ауылының тұрғыны:

- Көктемде бір суардым. Егіп тастаған кезде бір суарғам. Содан әлі тұр. Арық қурап, су жоқ негізі.

Бұл өңірде егістікті суару мәселесі әр жазда туындайтын көрінеді. Бірақ ауыл тұрғындары мұндай құрғақшылыққа алғаш рет тап болдық дейді. Айтуларынша, көрші Өзбекстан елі өз даласына су айдау үшін арнаны жабатын көрінеді.

Әзімхан Айқожаев, Біртілек ауылының тұрғыны:

- Өзбекстанда су көп еді. Қазір соңғы жылдары Өзбекстандағылар қаласа жібереді, қаламаса басқа жаққа жіберіп, жауып қойып жатыр.

Мұндағы Ынтымақ ауылында да дәл осындай жағдай. Ауыл шаруашылығын негізгі табыс көзі еткендер судың жоқтығы қол байлау болды деп отыр.

Рахым Ыстыбаев, Ынтымақ ауылының тұрғыны:

- Менің 10 гектар жерім бар. Мені Сарыағашқа прокуратураға шақырды. Жерің бар екен, неге екпей жатырсың деп. Мен су жоқ су жоқ болған соң екпей жатырмын дедім. Бір мен емес, мына жағымда 160 гектар жер бар, ол да екпей отыр дедім. Онда су болғанда егесіз деп жіберді. Жағдай осы, су жоқ.

Әбдіәкім Аманов, Ынтымақ ауылының тұрғыны:

- Кешке қарай мал аңырап келеді, арықта арзымайтын су бар. Осыған әрең жетіп келеді мал. Үш күн дегенде кезекке қоямыз. Үш күнде жоғары жағын тоқтатып, төмен жаққа қарай қуамыз. Бірақ бақшаға жетпейді.

Ынтымақ ауылында тек егінді суару мәселесі ғана емес, ауыз су да өзекті мәселеге айналыпты. Аптасына бір рет су таситын көліктер тіршілік нәрінің көпіріне айналғандай. Әр отбасы 40 литр ғана су ала алады. Тағы қаласаңыз, әр литріне 4 теңгеден төлеуіңіз тиіс.

Келес ауданындағы Оймауыт су қоймасы да тұрғындардың бас ауруына айналды. Себебі тексеріп келген мамандар осыдан 3 жыл бұрын бұл орынды апатты деп таныпты. Содан бері жөндеу көрмегендіктен, кез келген уақытта төтенше жағдайды туындатуы мүмкін. Ал бұл жағдайда 2 жарым мың гектар егістік алқабы сусыз қалмақ.

Мархабай Есіркепов, Келес ауданының тұрғыны:

- Су аз болған соң тоған аман тұр. Ендігі жылға дейін ешкім кепілдік бермейді, бұл тоған жұмыс жасайтынына. Су көп болатын болса, мына жерден 150 куб-ке дейін өтеді. 150 куб келсе, секундына мына жердің астан кестеңін шығарып жібереді ғой. Тоған құрылысын істеп берсе деп отырмыз.

Жауаптылар да су қоймасының күрделі жөндеуді талап ететінін жақсы біледі. Бірақ қашан жөнделетінін дөп басып айта алмай отыр.

Әбубәкір Сапаров, «Келес ауданының су шаруашылығы» МКК басшысы:

- Облыстық «Қазсушар» мекемесінен хат келді. Ол хатта биылғы болжам бойынша 40-45 пайызға су аз болады деген. Ал біз оған қарамастан Келес аудандық су шаруашылығы мекемесі мамандарымен бірге графикке кезекке қойып, осы ағын судың тапшылығын болдырмау мәселесі бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Ынтымақ ауылындағы ауыз су мәселесі жуық арада шешімін табатын сыңайлы. Коммуналдық шаруашылық бөлімінің өкілдері ауыл арасына су құбырын тартуды бастаймыз деп отыр. Жыл соңына дейін құрылыс жұмыстары толық аяқталып, тұрғындарға таза ауыз су берілмек. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Раул Ғабитов, Ерболат Әбіш