Қарағанды облысында вакцина салдырғандарға жеңілдік жасалады

Қарағанды облысында коронавирусқа қарсы вакцинаның екі компонентін алғандар кәсіпкерлік нысандарында 5 тен 50 процентке дейін жеңілдікке ие болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндай бастама қалыпты өмірге тезірек оралу мақсатында жасалып отыр. Мысалы, 25 мыңнан астам тұрғыны бар Абай қаласында 6 мыңнан астам адам екпенің екі компонентін салып үлгерген. Бүгіннен бастап вакцина салуға ниеттенгендерге қосымша сыйлықтар берілмек. Ал дәрігерлердің 90 проценті екпе салдырып, ұжымдық иммунитет қалыптастырған.

Вячеслав Шевчук, Абай қаласының тұрғыны:

– Тіпті таныстарымның арасында қаншама адам ауырып, тағы қанша адам қайтыс болды. Бұл бірінші кезекте өзіміздің қауіпсіздігіміз үшін керек деп ойлаймын. Қалыпты өмірді сағындық. Бүгін екінші компонентін салдырғам, тіпті сыйлық иегері атандым.

Ремила Қоңырхан, жалпы тәжірибелік дәрігер:

– Вакцина салған соң дәрігерлер енді аурулармен байланыста болса, екі апта карантинде жатпайды. Екі компоненттің бәрін алған болса жұмыс істей береміз, өзіміздің бұрынғы режим бойынша.