Алматыда жеңіл көлік автобуспен соқтығысып, жеті адам зардап шекті

Алматыда автокөлік жолаушылар автобусымен соқтығысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жол-көлік оқиғасы туралы ақпарат әлеуметтік желіде тараған. Полиция департаменті хабарлағандай, жол апаты 13 маусым күні сағат 08:40 шамасында болған. «Kia K5» маркалы автокөлікті тізгіндеген 1998 жылы туған «К» есімді жүргізуші Абай даңғылы бойымен батыс бағытта Розыбакиев көшесінің қиылысында келе жатып, бағдаршамның тыйым салынған сигналына қарамай өтіп кетіп, салдарынан Розыбакиев көшесінің бойымен солтүстік бағытта келе жатқан, «ЛиАЗ» маркалы №77 жолаушылар автобусымен соқтығысқан. Автобус жүргізушісі – 1960 жылы туған «Ч» есімді азамат. Соққы әсерінен автобус арыққа түсіп кетті. Жол апаты салдарынан автобустың бес жолаушысы мен екі көлік құралының жүргізушісі зардап шекті», – деп хабарлады Алматы қаласы ПД Анықтау басқармасының басшысы Олжас Шәріпов. Зардап шеккендер Алматы қаласындағы ауруханаға жеткізілді. Аталған фактіні Алмалы ауданы Полиция басқармасы тексеруде.