ҚР Қарулы күштерінде COVID-19-ға қарсы ұжымдық иммунитет қалыптасты

Елде әскери қызметкерлердің 70 проценті екпенің екі бірдей дозасын салдырған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы Қорғаныс министріне Бас әскери-медициналық басқарма бастығы Тимур Ошақбаев мәлімдеді. Сол себепті ол «Қазақстан армиясында коронавирусқа қарсы ұжымдық иммунитет қалыптасты деп толық сеніммен айтуға болады», – деді.

Ұжымдық иммунитет қай кезде қалыптасады? Адамдардың кемі 60 проценті вакцина салдырғанда. Қорғаныс саласында жүргендер сол межеден асып түскен. Әскери қызметкерлердің 70 проценті екпенің екі бірдей дозасын алыпты. Арасында қатардағы жауынгерлер де, қол бастап жүрген басшылар да бар.

Абылай Халилов, Әскери бөлімнің мерзімді әскери қызметшісі:

– Вакцина алғаннан кейін өзімнің денсаулығым жеңілдеді. Кері әсерін байқамадым. Бірақ белтемірге тартылған кезде нәтижелерімнің аздап төмендегенін байқадым. Вакцинацияға дейін 20-21 рет тартылып жүрсем, вакцина алғаннан кейін 17-18-ге азайып қалған болатын.

Әскери салада жүргендердің арасында вакцина салдырмағандары да бар. Олар денсаулықтарына байланысты екпе алуды кейінге қалдырған. Әскери дәрігерлер армияда індеттің таралуы бәсеңдеді дейді. Және ұжымдық иммунитет қалыптасқанын айтады.

Ердос Әлтаев, Әскери бөлімнің кіші сержанты:

– Біздің батальон жеке құрамына жоғары тұрған басшылық алдында өз еркімен вакцина салдыруға бұйрық келді. Батальон жеке құрамы 100 процент СОVID-19-ға қарсы вакцина салдырып шықты. Вакцина салдырғаннан кейін ешқандай әсері болған жоқ. Тек тәуліктік кезекшілікте сәл-сәл ұйқыға тартты.

Ұжымдық иммунитеттің қалыптасуы көптеген шектеулерді алып тастауға және жоспарланған әскери дайындық шараларын, ауқымды жаттығуларды толық деңгейде өткізуге мүмкіндік береді.

Авторы: Дастан Сейілханұлы