Жаңатаста ірі жел электр станциясы іске қосылды

Жамбыл облысы Сарысу ауданындағы жел электр станциясы – Орталық Азиядағы ең ірі жоба. Оны салуға инвестор 150 млн доллар қаражат жұмсаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қуаты 100 мегабатт болатын қондырғылар оңтүстік аймақтарды қажет энергиямен қамтуға ықпал етпек.

Алмас Чукин, Visor Kazakhstan инвестициялық компаниясының басқарушы серіктесі:

– Оңтүстік өңірлерде энергия өндірудің жаңа генерациясын жасап шығарудың тиімділігі орасан. Себебі Жамбыл облысы мен Шымкенттегі елді мекендерде қуат көздерінің тапшылығы байқалады. Олар толықтай бұл жерден электр қуатын тартуға тәуелді, өйткені бұған дейін аймақта ірі өндіріс орны болмаған. Яғни, біз аталған аудандарда электр қуатының жетіспеу мәселесін шешуге қадам жасап отырмыз.

Бұған дейін аймақ халқын жарықпен қамту үшін 2 мың шақырым жерден желі тартылып келді. Бұл – тиімсіз, дейді мамандар. Жылына 350 миллион киловатт сағат электр энергиясын өндіруге қауқарлы жаңа станцияның арқасында мәселе түбегейлі шешілмек. Сабақты ине сәтімен болса, шамамен 1 млн астам тұрғын игілігін көреді.

Го Цян, «Жаңатас жел электр станциясы» ЖШС Бас директоры:

– Жаңатас жел электр станциясы – SPIC корпорациясының «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы аясында іске асырған ауқымды жобасы. Яғни бұл Қазақстан мен Қытайдың осы саладағы жемісті жұмысының көрінісі. Біз бұдан кейін де электр қуатын өндіру бойынша Қытайдағы ең озық технологиялармен бөлісуді жалғастыра береміз. Қазақстан Үкіметімен бірлесіп, әр қаланы табиғи көздерден өндірілген энергиямен қамтуға ниеттіміз.

Станцияның құрылысына Қытайдағы озық технологиялар қолданылды. Сондықтан мамандар сапа жағынан алаңдауға негіз жоқ деп отыр. Жобаның жылуэлектр станциясынан артықшылығы, жылына 109 мың тоннадан астам көмірді үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ қоршаған ортаға бөлінетін күкірт диоксиді мен көмірқышқыл газы сынды зиянды заттардың көлемі айтарлықтай қысқарады.

Авторы: Назерке Тоқжан