Нұр-Сұлтанда «Теміржол техникасын өндірушілер бірлестігі» халықаралық конференциясы өтті

Нұр-Сұлтанда «Теміржол техникасын өндірушілер бірлестігі» атты халықаралық конференция өтті. Саланы дамыту тетіктері талқыға түскен жиынға ТМД елдерінің ірі теміржол компаниялары арнайы шақырылды. Конференцияға қатысушылар Қазақстанның теміржол кластерін дамытуда қолға алынған инновациялық жобалармен танысты. Ал «RAILWAYS SYSTEMS KZ» компаниясы теміржол өнімдерін өндірудегі енгізілген ғылым мен техниканың соңғы жетістіктерін паш етті.

Қазақстанның теміржол кластері кез келген ілкімді жобаларды жүзеге асыруға дайын. Ал саланың экспорттық әлеуеті Еуропа нарығынан ойып тұрып орын алады. Бүгінде «RAILWAYS SYSTEMS KZ» компаниясы өндіретін бұйымдарының түрлерін кеңейткен. Екібастұздағы кәсіпорындар тобы машина жасау өндірісін қайта жандандырды.

Сергей Павлингер, «Проммашкомплект» ЖШС дамыту жөніндегі директоры:

- Біз өндірісті құру барысында қазақстандық, ресейлік ғана емес, бүкіл әлемде жинақталған тәжірибелерді қолдандық. Кәсіпорындарымыз сонысымен ерекшеленеді. Өндірістердің 80 проценті автоматтандырылған жүйеге негізделген. Кез келген құрылғылардың дәлдігі микронға дейін жетеді. Бұл әлемде баламасы жоқ теңдессіз зауыттар.

Қазақстанның Машина жасаушылар одағы отандық кластердің бәсекеге қабілеттілігіне сенімді. Егер шетелдік әріптестерімен өзара ынтымақтастық орнатып жатса қолдау көрсетуге дайын. Себебі Қазақстанда жасалған теміржол бұйымдары шет мемлекеттерде танымал бола бастаған. Конференцияға қатысушылар қазақстандық өніммен таныс болып шықты. Себебі «Проммашкомплект» зауытында жасалған теміржол дөңгелектерінің басым бөлігі экспортқа шығарылады.

Қанат Әлмағамбетов, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

- Қазақстан темір жолы импорт алмастыру үшін біздің Қазақстанда шығарылатын мекемелер мен стандарттар жасаймыз. Темір жолға инфрақұрылымды береміз. Кездесуде біздің мекемелер шығарып жатқан өнімдерін көрсетіп жатыр. Айтып жатыр. Біраз нәтиже бар, істелінген жұмыс бар. Екіншіден, темір жол саласындағыларға білу, есту, тенденциялар жаңалықтар бар.

Технологиялар кластері форумға қатысушыларды таңқалдырды. Теміржол саласына қажет өнімдер шығаратын зауыттардың жұмысымен танысу үшін олар Екібастұзға арнайы келді. Кәсіпорынның негізгі учаскелеріндегі шаруаларды роботтар атқарады. Демек, адами факторға жол берілмейді. Өнім қатаң техникалық бақылаудан өтеді. Бұл осыған дейін кейбір баспасөз беттерінде жарияланған «Павлингердің дөңгелектерімен алысқа бара алмайсың» деген сыни көзқарастағы пікірлерді жоққа шығарады.

Валентин Гапанович, «Теміржол техникасын өндіру бірлестігі» коммерциялық емес серіктестігінің президенті:

- Осы жерде көзбен көрген заттарға мен жоғары баға берер едім. Біз технологияның аса жоғары көрсеткішіне куә болдық. Объективті көзқараспен қарайтын болсақ РФ-да мұндай кәсіпорындар жоқтың қасы. Технология мен сапаны бақылауда осындай ең биік деңгейге көтерілген кәсіпорындар туралы жағымсыз пікірлер туындамауы тиіс.

Сергей Калетин, Теміржол көліктері операторлары президиумының мүшесі (Ресей):

- Адам қолымен атқаратын жұмыстарды роботтар алмастырғаны технологиялық процестерге оң әсер етеді. Өнімнің сапасы жоғары болады. Сондықтан «Павлингердің дөңгелектерімен біреулер алысқа ұзай алмайды» деген сөзді бірінші рет естуім және ол бос әңгіме. Біз бұл дөңгелектермен ұзақ жылдар жүретін боламыз.

Кәсіпорын биыл толық жаңарудан өтті. Соның арқасында өндірістік қуаттылық артып, жылына теміржол дөңгелектерінің 300 данасын шығаруға мүмкіндік туды. Жуық арада табан темірлер мен электр сымын ұстатқыш бұйымдар шығаратын өндіріс іске қосылады. Жалпы отандық өнімнің 70 проценті экспортқа негізделген. 

Қ. Қасиетова, С. Оспанов, М. Игликов