Ақтөбе медициналық орталығы қызметкерлерінің 90%-і екпе салдырған

Ақтөбе медициналық орталығы мамандары коронавирустан ада, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Бұл дер кезінде вакцина салдырғанның нәтижесі», - дейді мамандар. Себебі дәрігерлер мен медбикелер алғашқылардың бірі боп екпе алған.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Әйгерім Төкебаева Ақтөбе медициналық орталығының қабылдау бөлімінде еңбек етеді. Науқастың дертін анықтап, тиісті бөлімшеге жатқызатын жауапты терапевттердің бірі. Қатерлі індет жаппай ылаң салған сәтте де «қызыл аймақта» еңбек еткен. Білікті маман «жұқпалы аурудан сақтанудың қолжетімді әдісі – екпе жасау», дейді. Сондықтан ақпан айында вакцина салдырыпты. Алайда бұл қағиданы жоққа шығарушылар аз емес. Нәтижесінде ауру жұқтырып, төсек тартушылар қатары да азаймай отыр.

Әйгерім Төкебаева, Ақтөбе медициналық орталығы қабылдау бөлімінің терапевті:

- Өкпе патологиясы бізде бар. Сондықтан бізге кейде бронхиальная астма деп аталады, сондай диагноздармен алып келеді. Солардың өкпе қуысының рентгені деп аталады ғой, соларды өткізген кезде пневмония байқалады пациенттерде. Біз олардан сұрастыру барысында эпиданамнезін сұраймыз, вакцина алды ма деп сұраймыз. Сол кезде олар вакцина алмаған болып шығады.

Ауруханада еңбек ететін 700-ге жуық қызметкердің 90%-і екпе салдырған. Қалғандары медициналық талаптар мен жүктілікке байланысты уақытша кідіруді жөн көріпті. Бірақ болашақта міндетті түрде вакцина аламыз деп отыр.

Гүлнәр Қадырқұлова, Ақтөбе медициналық орталығының эпидемиолог дәрігері:

- Қызметкерлердің денсаулығын сақтауды басты назарда ұстап отырмыз. Сондықтан екпе алған қызметкерлер ғана «қызыл аймақ» бұл – инфекциялық стационар, қабылдау бөлімі, сосын интенсивті-қарқынды терапия бөлімі. Осы аймақтарда жұмыс істеуге жіберіледі.

Ақтөбе медициналық орталығында жүкті әйелдерге арналған провизорлық стационар бар. Бұл жерде жыл басынан бері 472 әйел емделсе, оның 323-і ковид жұқтырғандар. Дәрігерлер шілде айында дерттің таралуы қарқын алып, науқастар саны үш жарым есе артқанын айтып отыр. Олардың 90%-інің вакцина салдырмаған отбасынан екендігі де белгілі болды.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Соңғы деректерге сәйкес Ақтөбе облысының 206 мың 280 тұрғыны вакцинаның алғашқы құрамдас бөлігін салдырған. Бұл әзірге жоспардың 45%-і ғана. Мамандардың айтуынша, ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әлі де болса аздық етеді. Мұны науқастар санынан да аңғаруға болады. Мәселен кеше Ақтөбе облысының 88 тұрғыны індет жұқтырса, соңғы тәулікте 142 адам COVID-19 дертіне шалдыққан.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев