Қатон-Қарағайда туристік демалыстың жаңа түрі дамып келеді

Шығыс Қазақстанда Қатон-Қарағай ауданында туристік демалыстың жаңа түрі дамып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұнда да Алматыдағы Саты ауылының тәжірибесіне сүйеніп, қонақ үйлер жобасын дамытуда. Бұл жердегі үйлердің әдеттегі мейманханадан айырмашылығы – оны кез келген ауыл тұрғыны аша алады. Яғни тұрғын өзі тұрған баспананың жартысын туристерге ыңғайлап, оларды күтетіндей жағдай жасайды. Белгіленген 15 маршрут бойынша қонақтарына түрлі саяхат түрін ұйымдастырады. Осылайша, қызмет ұсынып, ақысын алады. Әзірге бұл жобаға 20 отбасы ат салысуда. Олардың аяқтан тік тұрып, кәсіптерін дөңгелетіп кетуіне жергілікті белсенді азаматтардан құрылған қор қаржылай қолдау көрсетіп жатыр. Ерекше бастаманың негізгі мақсаты – шалғайдағы аудан жұртын үдере көшуден сақтау. Ал қонақ үйлерге қойылатын талап ортақ әрі қарапайым.

Серік Жүнісов, қордың атқарушы директоры:

– Стандарттары бар, ең біріншіден, дәретхана, душ болуы керек. Заманауи қала жиһазы болмауы керек, ауылдың кәдімгі үйі, заманауи жиһаз керек емес, әкпен ақталған болса да ештеңе етпейді. Қаланың жөндеу жұмыстарын ауылдағы үйлерге жасаудың керегі жоқ.