Ақтауда үлескерлер дауын азаматтық сот қарап жатыр

«Гаухар тас» тұрғын үйін салып жатқан серіктестік басшысы былтыр қараша айында тұсталған еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Күдіктіге ірі көлемде алаяқтық жасады деген айып тағылды. Қылмыстық іс содан бері тергеліп жатыр.

Талғат Исламұлы, тілші:

- 2019 жылы «Гаухар тас» тұрғын үй кешені 20-шы шағын ауданда салынып басталды. Сол уақыттан бастап 300-ден астам салымшы миллиондап қаржы құйды. Бірі баспанасын сатса, енді бірі қарызға кірді. Қазір көпқабатты үй құрылысы тоқтап тұр. Алданғанын түсінген халық былтыр полицияға шағым түсірді. Серіктестік директоры қамауға алынды. Тергеу мәліметінше, ол бір пәтерді бірнеше адамға сатып, оңай олжаға кенелмек болған.

2 шілдеде үлескерлер №2 қалалық сот ғимаратына жиналды. Айтуларынша, басқа компания әлгі үйде салып бітіруге дайын. Бұл үшін жоба құжаттары сот шешімімен оларға өтуі керек. Тұрғындар осыны жеделдетіп әрі кінәлі тұлғаның жауапқа тартылуын талап етті. Өз кезегінде құзырлы орган өкілдері халықты сабырға шақырып, істің азаматтық соттың қарауына сәуірде келіп түскенін айтты. Алғашқы отырыс белгіленген процессуалды мерзімде, яғни 15 шілдеде өтті.

Дүниезада Кеншімова, №2 қалалық соттың судьясы:

- 339 үлескер жазған талап-арыз бойынша азаматтық іс қаралды. Нәтижесінде 2018-2020 жылдары серіктестікпен арада жасалған келісімшарттарды бұзу туралы өтініштері толық қанағаттандырылды. Кейбір азаматтардың қолында соттың шешімі және оның орындалу мерзімі көрсетілген қағаз бар. Осы себепті көпқабатты тұрғын үйге салған салымдарын қайтару жөнінде арыздар ішінара қанағаттандырылды.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Үлескерлерді алдап, сан соқтырған күдіктіні әлі де болса полиция тергеп жатыр. Айдың соңына дейін сотқа беріледі деп күтілуде. «Алаяқтық жасау» дерегімен ұсталған адамның мүлкі тәркіленіп, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев