«Аграрлық несие корпорациясы» ауыл шаруашылығын қаржыландыруды сәтті жалғастырып келеді

«Бәйтерек» ұлттық бизнес холдингіне қарасты «Аграрлық несие корпорациясы» ауылшаруашылық саласын қаржыландыруды сәтімен жалғастырып келеді. Бүгінде несиелендірудің түрлі тетігі қарастырылған. Мысалы, биыл несие серіктестіктері арқылы ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге 200 млрд теңге бөлінбек. Былтыр оның көлемі 110 млрд болған еді. Демек, тиімділігі жоғары серіктестіктерге деген сенім артқан. «Аграрлық несие корпорациясы» қор қаржысын азық өндірушілерге қалай үлестіріеді? 

Аграрлық несие корпорациясының қолдауына ие болғандардың бірі Ақкөл құс фабрикасы. Кәсіпорын жылына 90 млн жұмыртқа өндіреді. Бір ай бұрын корпорациядан тікелей 105 млн теңгенің несиесін алған. Осылайша арзан бағадағы жемнің жеткілікті қорын жасақтай алды. Былтыр да осы мақсатта несие алып, өндірістің тоқтаусыз жұмысын қамтыған еді.

Кенесары Байдоллаев, Ақкөл құс фабрикасының бас зоотехнигі:

– Біз қазір основной Қырғызстанға сатамыз, елі пайыздайын. Ал қалған 30 процентін Астана қаласына, 20 процентін Шымкент қаласына сатамыз.

Қаржыландыру тетігінің тағы бірі несие серіктестіктеріне қор бөлу. Мұндай тәсіл тиімділігін дәлелдеп отыр. Мысалы, «Целиноград» серіктестігі Ақкөл ауданында жаңа элеватордың бой көтеруіне атсалысты. Ұйым құрылысқа қажет 130 млн теңгені қордан алып берді. Сөйтіп, 4 алып бөшке мен автоматты басқару жүйесі орнатылды.

Андрей Юрченко, «EL GRANO» элеваторының директоры:

– Табысымыз 25-30%-ке өспек. Мұндай бөшкелердің көмегімен, дәнді-дақылдың көп мөлшерін қабылдай аламыз. Бұл нарықтағы икемділікті арттырады.

Бүгінде елімізде 200-ден астам несие серіктестігі бар. Барлығы корпорация қорынан төмен пайызбен қаржы тартуға септеседі. Несие бойынша жеңілдіктер жетерлік. 

Олжас Баймаханов, «Аграрлық несие корпорациясының» Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиал өкілі:

– Егер айналым құралдарына беретін болсақ, бұл арада бір жылға беріледі кредиттің мерзімі. Ол жылдың соңында бір-ақ рет погашение жасалынады. 

«Аграрлық несие корпорациясы» биыл несие серіктестіктері арқылы азық өндірушілерге 200 млрд теңге бөлмек. Шаруашылық мақсатқа арналған мұндай қаржы ауылдың әл-ауқатын арттыруға жанама ықпалын тигізетіні сөзсіз. 

Бақыт Топтаева, Ерзат Зайытхан