Алматы тұрғындарына кәріз желісіне қосылу арман боп тұр

Алматыдағы «Көкқайнар» шағын ауданындағы 20 үй бірнеше жылдан бері орталық кәріз бен су желісіне қосыла алмады.

Құбыр жүргізу жұмыстары үш жыл бұрын басталған. Бірақ жоба аяғына жетпей, ақсап тұр. Тұрғындар бірнеше рет жергілікті әкімдікке хат та жолдаған. Алайда нәтиже жоқ.

Алатау ауданындағы Әзірбайжан Мәмбетов көшесінде жүзден астам тұрғын бар. Олардың көпшілігі мұнда 20 жыл бұрын қоныс тепкен. Содан бері орталық су желісі мен кәріз жүйесіне қосылуды армандап келеді. Олар айына бірнеше рет арнайы қызмет өкілдерін шақыртып, қолдан жасалған кәріз тоғандарын сорғызады. Үш жыл бұрын құбыр тарту жұмысы басталғанда қуаныштарында шек болмаған. Мердігер мекеме 16 шақырым су желісі мен 13 шақырым кәріз жүйесін жүргізген. Артынша тас жол да төселеді. Бірақ құбыр сол күйі іске қосылмады. Төселген тас жол бірнеше рет қайта ашылып, ақыр соңында тегіс жолға зар болдық, – дейді тұрғындары.

Жанарбек Уәлиханұлы, «Көкқайнар» шағынауданының тұрғыны:

– Асфальт уже құлап жатыр канализация кесірінен. Кольцоға толып жатыр, су жібереді бірақ кольцолар толып кетеді, кейбір үйде слив толды.

Әлия Ділдәбекова, «Көкқайнар» шағынауданының тұрғыны:

– Үш жылдан бері ол астында жатып шіріп кеткен. Қалай болса, солай жұмыс істеп кеткен. Осымен үшінші подрядчиктер келіп жатыр ғой, канализацияға бола.

Тұрғындардың айтуынша, 2019 жылы басталған құбыр жүргізу жұмыстары сапасыз жасалған. Судың қысымына құбырлардың жалғанған жері шыдас бермей, су сыртқа аққан. Мердігер компания құбырларды ауыстырыпты. Сапасыз жұмыстың салдарынан суды іске қосу кешеуілдеген. 

Зиярат Ханбатыр, Алатау ауданы әкімдігі коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы:

– Мердігер мекеме тарапынан ол жерге 4 кәріз сорғы жүйесінің құрылысы басталды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарын жобаға сәйкес аяқтау жұмыстары жүргізілуде. Негізі жоба бойынша жыл аяғына жоспарланған.

Билік өкіледерінің айтуынша, шағынаудандағы су желілері мемлекеттік коммуналдық мекеменің теңгеріміне берілген. Тұрғындар өтініш берсе, орталық су желісіне қосылады. Ал кәріз жүйесін күте тұруға тура келеді.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Шапагат Мырзабекова, Кенже Амраев