Ақмола облысындағы төрт түлік белгісіз ауруға шалдықты

Ақмола облысындағы төрт түлік белгісіз ауруға шалдықты

Бұл туралы «Хабар 24» облыстық ветеринария басқармасына сілтеме жасап хабарлайды.

Соңғы бір айдан астам уақыт ішінде аймақтың 6 ауданында бас-аяғы 3 мыңға жуық мал ауырған. Оның 2 жарым мыңдайы – ірі қара, қалғаны қой мен бірнеше бас доңыз. Мамандардың сөзінше, үй жануарларының қызуы көтеріліп, ауыздарынан сілекей аққан. Тіпті жем-шөп жемеген, су ішпеген. Нақты диагнозы анықталмағанымен, мал дәрігерлері мұны стоматит ауруына ұқсатып, ем шараларын соған сай жүргізген. Ең бастысы дерттің ауыр салдары тіркелмеген. Ал белгісіз індеттің пайда болуына құрғақшылық әсер еткен болуы мүмкін дейді мамандар.

Ағыбай Сыздықов, облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:

– Бүгінгі таңда ауырған малдардың 95 пайызы емделді. Қазір жағдай өте қатаң бақылауда. Біздің жергілікті ауылдарда ветеринарлық дәрігерлер күн сайын осы ауылдарды аралап, мониторинг жүргізіп жатыр. Емдеу шараларын жүргізіп жатыр.