ШҚО-да көлік жүргізушілері жанармай таппай жүр

Риддер қаласының жүргізушілері бір жарым айдан бері жанармай таппай жүр. Әсіресе қоғамдық көлік пен азық-түлік өндірушілерге қиын тиді, деп хабарлайды «Хабар 24». Мәселе енді ғана шешімін таба бастаған. Бірақ дизельдік отын бағасына қатысты әлі де мәселе көп.

Өткен ай риддерлік кәсіпкер Оксана Шульгина үшін оңай болған жоқ. Шаһарда шілденің басынан бастап дизельдік отын тапшы бола бастаған. Ал іскер әйелдің автобустары қаладағы бірнеше бағытта жолаушы тасымалдайды. 

Оксана Шульгина, кәсіпкер:

– Тығырықтан шығу үшін жалынып жүріп 20, 10 литрді әрең тапқан кездер болды. Әйтпесе бірнеше бағыттағы қоғамдық көліктер тоқтап, халық қиналушы еді.

Іскер азаматтар бұл туралы қалалық әкімдік пен кәсіпкерлер палатасына шағымданған. Бір қарағанға, мәселенің туындау себебі түсінікті.

Данияр Мұхтаров, Риддер қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры:

– Қаладағы бекеттердің бірі ребрендингке тоқтап қалды. Ал қалған жанар-жағармай құю стансалары халық пен кәсіпкерлердің қажетін өтей алмай қалды.

Мамандардың айтуынша, көптеген бекеттердің дизельдік отын сақтау резервуарлары едәуір кішкентай. Сондықтан тәулігіне 25-30 тонна өнім тапшы бола бастаған. Алайда дүрбелеңнің тууына басқа да себептер бар екен.

Яғни көлікке қажетті отын түрі көп болғанымен, оның жалпы көлеміне шектеу қойылған. Әйтпесе бензин де жетпей жұрт әуреге түсер еді. Ал дизельдік отынмен қамту жергілікті бекеттерге қосымша салмақ түсірген. Өйткені еліміз бойынша бөл өнімге тапшылық байқалған.

Қайрат Садықов, жанармай құю стансасы желілерінің жетекшісі:

 – Павлодар мұнай-химия зауытына да кезекке қояды. Сонда тұрамыз, бір апта, екі апта, бір айға дейін тосамыз. Басқа үлкен компанияға жібереді, бірінші «ҚазМұнайгазға» жібереді, содан «Гелиоске» барамыз.

Мұндай ұзын кезек бір күн емес, бірнеше аптаға, тіпті айға созылады екен. Ал ірі жанар-жағармай құю стансалары жоқ елді мекендер еріксіз өнімді көтерме бағамен саудалаушы алыпсатарлардан сатып алуға мәжбүр. Бұл тауар бағасының қымбатшылығына әкелері сөзсіз. Сондықтан бұл мәселені үкімет деңгейінде шешу керек деп есептейді кәсіпкерлер.

Мұрат Байжұменов, Риддер қаласы әкімінің орынбасары:

– Бұл мәселені шешу үшін қала әкімдігі қосымша жер телімдерін бөлу жөнінде шешім қабылдады. Оған кім жанар-жағармай құю стансасын саламын дейді, рұқсат.

Әзірге жаңа нысан салуға тілек білдірген ешкім жоқ. Айтпақшы, жұртты дүрліктіруге себеп болған бекет ребрендигтен кейін қайта жұмысын бастады. Өнеркәсібі өркендеген қала үшін дизельдік отын тапшылығы тек қоғамдық көлік үшін ғана емес, алып кәсіпорындар жұмысына да кері әсерін тигізуі әбден мүмкін.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Әнел Есенбердина, Жігер Бабақанов