Шұрайлы жерлерді шаруа қожалықтары ғана қолдана ала ма?

Риддерге жақын орналасқан Бутаково ауылының маңында не мал бағатын, не шөп шабатын жер жоқ. Елді мекен айналасындағы жер түгелдей ірі шаруа қожалықтарына берілген.

Бутаково елді мекені тау етегінде, шөбі шүйгін аумақта орналасқан. Алайда көркем табиғаттан ауыл халқына пайда жоқ. «Жайылым не шабындыққа арналған жерлерді тек шаруа қожалықтары ғана қолдана алады. Күнделікті сауып отырған бірнеше сиырды қорада бағудан шаршадым. Көршілерім де қысқа мал азығын дайындай алмады», – дейді Тамара Платицина есімді зейнеткер. 

Тамара Платицина, ауыл тұрғыны:

– Жақын маңға мал жаюға болмайды. Амалы жоқ, бақташы 4 шақырым қашыққа дейін алып кетеді. Күз де жақын. 70 мың теңге  зейнетақы алам. Ал орама шөптің бір данасы 15-тен 25 мың теңгеге дейін барады. Үйге отын да алынған жоқ.

Осы ауыл тұрғыны Любовь Павлованың шабындық жерде 30 гектар үлесі бар. Бұған дейін өз күшімен тек 6 гектарын шабуға шамасы жеткенін айтады. Қалғанын жалға беріп қояды. Ал биылға еш тірлік жасай алмапты.

Любовь Павлова, ауыл тұрғыны:

–Жыл сайын 6 гектар жерде шөп шауып, қалған 24 гектарын жеке серіктестікуақытша пайдаланатын еді. Былтыр мал азығын жинап алуға маған рұқсат берілген жоқ. Биыл ол аумақтағы шөп түгелдей орылып алынғанын естіпотырмын.

Бутаково тұрғындарына қыста малы аштан қырылмас үшін шаруа қожалығы жетекшісімен келісіп, оның рұқсатымен шөп шабудан басқа шара жоқ. Бұл да оңай шаруа емес. Көп жағдайда фермерлердің ұялы телефоны сөндірілуі тұрады.

Бурахан Жерменов, ауыл тұрғыны:

Біздің ауылда мал жайылатын жер жоқ. Екіншіден, шабындық жер жоқ. Сол мәселеден қазір ел малдарын сатып жатыр. Жердің бәрі жалға беріліп қойған 49 жылға.

Бұл елді мекен Риддер қаласының әкімдігіне қарайды. Жергілікті билік өкілдері мал жаюға не шабындыққа еш кедергі жоқтығын алға тартып отыр. Бір өкініштісі, олар айтқан жерлерде шөп әлдеқашан орылып алынған.

Мұрат Байжұменов, Риддер қаласы әкімінің орынбасары:

– Бұл ауылға 266 гектар жер аумағы тиесілі. Оларға мал жаюға рұқсат. Қалған жерлер сатылып кеткен. Мемлекеттік конкурс шарттарына сәйкес, жеке шаруа қожалықтарына уақытша қолданысқа берілген.

Тағы бір мәселе – шабындық және жайылым жерлердің мақсатты қолданылуына өкілетті органдардан бақылау жасалмай отыр.

Анна Сайбель, «Риддер қаласы жер қатынастары бөлімі» ММ басшысы:

– Келер жылы шабындық мақсаттағы аумақтарға ғарыштан бақылау жүргізуді жоспарланып отырмыз. Заңбұзушылық анықталса, жер мемлекетке қайтарылады.

Өңірде жайылым және шабындық жерлердің тапшылығы мәселесі осымен екінші жыл көтеріліп отыр. Жергілікті әкімдік тығырықтан шығудың жолынтаппаса, үйде ұсталатын мал биыл жаппай сатылымға шығуы мүмкін.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Әнел Есенбердина, Жігер Бабақанов