Оралдағы аялдамалардың жартысында шатыр жоқ

Аптап ыстық та, жауын-шашын мен сақылдаған сары аязда, автобус тостыңыз ба? Оралдық жолаушылар осыған мәжбүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені аялдамалардың жартысына жуығында павилон түгілі қарапайым шатыр да жоқ. Ал енді бір аумақта керісінше, әрқайсысының құны 7 млн теңгеден асатын қымбат аялдамалар орнатыла бастады. Бірақ бірі құлыптаулы, енді бірі кәсіпкердің иелігіне берілген.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Бұл қаланың қақ ортасы. Жолдың арғы бетінде мектеп бар. Ал мына жағында облыстық көпбейінді аурухана орналасқан. Сәйкесінше бұл жерге келім-кетім адам өте көп. Алайда аялдамада павилон жоқ. Тек белгі ғана орнатылған.

Наталья Шевченко, қала тұрғыны:

- Облыстық ауруханада, онкологиялық диспансер аялдамасында да павилон жоқ. Міндетті түрде орнату керек қой. Жаңбырлы күндері жаурап тұрамыз. Ал ыстық күндері зейнеткерлерге тіптен қиын. Отыратын орындық та жоқ.

Зинаида Петрова, қала тұрғыны:

– Автобустарды ұзақ күтеміз. Мен 35-шбағыттағы автобусқа мінемін. Оны кемінде жарты сағаттай күту керек. Ал аялдамада паналайтын павилон жоқ.

Қалада 491 аялдама бар. Соның жартысына жуығының тек аты болмаса, заты жоқ. Соңғы жылдары 50 нүкте ғана жаңартылған. Ал 100 шақтысы ­ қирап біткен ескі аялдамалар. Қыста қала әкімдігі әрқайсысы 7,5 млн теңге тұратын қос павилон сатып алды. Айтуларынша, барлық инженерлік желілермен қамтылған нысандар қысы-жазы жолаушылардың игіліне берілген.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Бұл тұрғындар үшін қыста іші жылы, ал жазда салқын болып тұратын павилон. Қазір оның қаншалықты пайдасын тигізіп тұрғанын көрейік.

Ал екінші павилонды кәсіпкер пайдаланып отыр. Ол әкімдікпен өзара келісім жасап, аялдама күтімін мойнына алған көрінеді.

Жанболат Қасенов, кәсіпкер:

- Евразиядағы аялдаманы сындырып, камераларды ұрлап кетті. Осылай болмас үшін бізге берді. Видеокамера бәрі істеп тұр, кондиционері бар. Сыртын жуып, тазалап, айналасын таза ұстауды біз мойнымызға алдық.

Жыл аяғына дейін дәл осындай тағы 2 қымбат павилон орнату көзделген. Олар да іскер жандарға қолданысқа беріледі екен. «Сондай-ақ, ашық типтегі қарапайым 20 аялдама сатып алынады» дейді әкімдік өкілдері.

Нұрлыбек Мұханбетқалиев, қалалық ТҮШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

- Аялдама павилондары бойынша оларға құжаттар жасақталып, болашақта сенімгерлік басқаруға беруге жоспарланып отыр. Сонымен қатар 20 ашық типті павилон құрылысы бойынша конкурс аяқталды. Енді мердігермен келісімшартқа қол қойған жағдайда құрылыс жұмыстарын бастайтын болады. Ол қаламыздағы павилоны жоқ, ашық жерлерге орналастырады. 60 күннің ішінде құрылыс жұмыстарын аяқтауы тиіс.

Әкімдік ескі аялдамаларды ағымдағы жөндеуден өткізу үшін бір көзден компанияны қаржыландыруға да ниетті. Кәсіпорыннан әзірге жобалық-сметалық құжаттар түспеген. Аялдама аумағын жалға алып, тікелей өз қаражаты есебінен павилон салған инвесторлар да бар. Алайда көп емес. Өйткені іскер жандар жолаушылар ағыны жоғары нүктелерге ғана қызығатын көрінеді.

Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов

Сондай-ақ...