Аймақ мектептеріндегі эпидахуал қалай?

Еліміздің кей аймағында оқушылар арасында коронавирус өрши бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір үш облыстағы 350-ден астам сынып карантинге жабылды.

Алпыс жеті сынып Қостанай қаласына тиесілі. Науқас балалардың сыныптастары 14 күнге оқшауланып, сабақтарын қашықтан оқиды. Қалғаны дәстүрлі форматта білім ала береді дейді мамандар.

Қостанайдағы Максим Горький атындағы гимназияның 100 оқушысы үй карантиніне жіберілген. COVID індеті білім ұясындағы жеті баладан анықталыпты. Үшеуі жазғы демалыста мектепке келмей жатып ауырса, қалғаны оқып жүргенде жұқтырған. Бірақ науқастармен бір сыныпта болған оқушылардан ауру нышаны байқалмапты.

Орынгүл Баяхметова, М.Горький атындағы гимназия директорының орынбасары:

– Балалардың бір-біріне жұқтыру фактісі анықталған жоқ. Олар үйде отыр. Дегенмен үйде отырса да, сынып жетекшілері олармен тығыз қарым-қатынаста. Үйде сабақтарын жалғастырып жатыр.

Жалпы Қостанайда карантинге жабылған сыныптардың саны бүгін 70-ке жуықтады. Жазда коронавирус тәулігіне 5-10 баладан анықталса, қыркүйек айынан бері 20-25-ке жетті.

Юрий Севостьянов, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– Балалар жиі ауыра бастады. Сол себепті үйдегі ата-аналардың бірінен коронавирустың белгілері анықталса, баланы мектепке жібермеуі керек.

Павлодар облысындағы жағдай да мәз емес. Мұнда 53 сыныптың оқушылары қашықтан оқиды. Олардың 20-ға жуығы облыс орталығындағы мектептерге тиесілі. Әр сыныпта бір оқушыдан коронавирусқа шалдыққан. Балалардың ауруды қайдан жұқтырғанын эпидемиологиялық тексеріс көрсетеді. Осыған байланысты 300-ден астам орта білім беру нысанында карантин талаптары күшейтілмек. 

Батырбек Әлиев, облыстың бас санитар дәрігері:

– «Ашық» жүйесін енгізу, термометрия, таңғы фильтрлер орнату бойынша талаптарды күшейтеміз. Сыныптарды желдету мен дезинфекциялық жұмыстардың кесте бойынша атқарылуын қадағалаймыз. Егер бір сыныпта бір бала ауру жұқтырса, қалғанын карантинге жібереміз.

Ал Алматы облысында 422 оқушыдан коронавирус белгілері анықталған. Олардың жартысына жуығы індетті жаңа оқу жылы басталмас бұрын жұқтырыпты. Жалпы алғанда өңірдегі 2500-ден аса жасөспірім қашықтан оқуға көшкен. Бұл өңірдегі оқушылардың бір процентіне тең.

Данияр Сұлтанұлы, Ақмарал Есімханова, Шыңғыс Қалиден