«Әкім айтқан су әлі жоқ»: елордадағы Қоянды ауылы шөліркеп отыр

Шалғайдың жөні бір бөлек. Алыстағы ауыл тұрмақ, елорданың дәл іргесіндегі Қояндыда әлі күнге су жоқ. Жаздың басында әкім «тамыз айында арнайы қондырғы қойылады, тұрғындар тіршілік нәрін сол жерден алады» деген еді. Алайда өзгерген ештеңе жоқ. Жұрт ауызсуды 3 шақырым жерден тасып ішеді. Ал әкім уәдесін неге орындамады?

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Біз Қояндыға маусымда келгенбіз. Сол кезде ауыл әкімі су тамыз айында болады деген.

Алайда тамыз өтіп, қыркүйекті орталадық.

- Сол жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Ешқандай жұмыс жасалынған жоқ.

Қоянды елорданың іргесіндегі ауыл. 5 мыңға жуық үй бар. Соның тең жартысы орталықтандырылған жарық пен су жүйесіне қосылмаған. Өзгесі өз алдына. Халықтың бірінші сұрап отырғаны су.

Ырысты Әбілқадырова, Қоянды ауылының тұрғыны:

- Бірінші очередь бізге су беріңдерші, қарақтарым. Су керек. Уже неше рет келіп отырмыен мына таяғыммен тарсылдатып. Астанаға жап жақын тұрамыз, су жоқ.

Ауылдың 5-6 шағын ауданында су жоқ. Бұл барғанымызда да әкімге жолықтық. Уәде не себепті орындалмады деп сұрап едік?

Айбек Есеев, Қоянды ауылдық округінің әкімі:

- Себебі жер телімін рәсімдеудің белгілі уақыт процедуралары бар. Кейбір мерекелік күндерге сайма сай түсті. Сондықтан екі аптаға созылды уақыты. 

Жазда барғанымызда жұрт суды бірнеше шақырым жерден тасып жүрген. Әлі тасып келеді. 

Айнагүл Хамитова, Қоянды ауылының тұрғыны:

- Жастары Қояндыдан қалаға тасып жұмыс жасайды. Үлкен адамдар үйде отырады, сусыз отырады. Кешке келгенде осы жерден 3-4 шақырым жерге барып су аламыз водокачкадан.

Әйтеуір осы жолы жақсылықтың нышаны байқалғандай. Әкімнің айтуынша, ауылға қазір ауыз су модулі әкелінген.

Әкімнің жауабы:

- Жер телімі белгіленді. Осы бір-екі күнде жер телімі шекарасы анықталып, скважина қазылып, блок модуль орнатылады. 

Осы қыркүйекте Қояндыдағы 12-мөлтек ауданға блок модуль орнатылған соң өзге де шағын ауданның тұрғындары содан су ала тұрады. Ал негізінен елді мекенге орталықтандырылған су жүйесі 2023 жылы келмек. Бұл әкімнің уәдесі. Орындаларын уақыт көрсетер. 

Қорған Қонысбайұлы, Арман Ақшабаев