Павлодар облысында ірі қара малдан ауру шықты

Павлодар облысында ірі қара малдан ауру шықты. Ақсу ауданына қарасты Евгеньевка ауылдық округінің тұрғындары мал арасында белгісіз кесел тарағанын айтып шағымданды.

Алдын ала болжам бойынша «аусыл» дерті болуы мүмкін. Бірақ ветеринарлар бұл ауруға тән дене қызуы жоқ екенін айтады. Тұяқтарының айналасындағы терінің ісуі де байқалмаған. 

Естеріңізге сала кетсек, Евгеньевка ауылдық округіне Сольветка, Үштерек ауылдары кіреді. Ауруға шалдыққан малдың саны қырықтан асқан. Олардан алынған сынама республикалық-сараптамалық орталыққа жіберілді. Қорытындысы әлі шыққан жоқ. Ветеринарлар пастереллёз болуы да мүмкін деп отыр. Химиялық улануды да жоққа шығармайды.

Төлеген Анафьянов,  облыстық ветеринария басқармасы  эпизотияға қарсы бөлімінің жетекшісі:

- Ақсу аумағында ірі қара малдың ауруға шалдыққаны рас. Бүгінгі таңда 43 бас тіркелді. Материалдар республикалық зертханаға жіберілді. Енді нәтижесін күтіп отырмыз. Емдеу шаралары жүріп жатыр. Оң өзгерістер бар. Мал өлімінің тіркелмегенін айта кеткім келеді.