Семей іргесіндегі Шақаман ауылының тұрғындары сапалы ауыз суға жарымай отыр

Семей қаласының іргесіндегі Шақаман ауылының тұрғындары сапалы ауыз суға қол жеткізе алмай келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаз айының басында техника келіп, көшелерді қаза бастағанда қуанған жұрттың көңілі қазір су сепкендей басылған. Олар тіпті ескі құбырымызға зар болып қаламыз ба деп алаңдаулы.

Өйткені жұмыс бірнеше айдан бері тоқтап қалған, ал қыс қыр астында. «Қазан шұңқырларға мал да, жан да құлап мазамыз қашты, отын-су кіргізу де мұң болды», - дейді тұрғындар.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Шақаман ауылында 1600-ден астам адам тұрады. Қазір тұрғындар 1984 жылы салынған ескі су жүйесін пайдаланып отыр. 2009 жылы «Таза су» бағдарламасы бойынша жоба жасалғанмен, мердігерлер жұмысты сапасыз жасаған. Сонымен ол жүзеге аспай қалыпты. Биыл тағы да жоба жасалып, ауыл толығымен таза тіршілік нәріне қол жеткізуі тиіс болған. Бұл мақсатқа мемлекеттен 562 миллион теңге бөлініп, мердігер мекеме маусым айында жұмысқа кіріскен.

Бір қарағанға бұл ауылға ойын алаңы керегі жоқ сияқты. Өйткені көшенің барлығы 3 метрлік терең шұңқырлар, тау болып үйілген құм, топырақтар  қазір балалардың асыр салып ойнайтын таптырмас мекеніне айналған. Тіпті міне, олардың ойыншығына дейін қалып қойыпты. Дегенмен, ата-аналар бұған алаңдаулы, өйткені «ертеңгі күні жазатайым біреу мертігіп құлайтын болса, оның жауабын кім береді», дейді олар.

Айнұр Тәттімбетова, көп балалы ана:

- Балалар шұңқырға құлап жатыр, жылап жатыр. Біз деген қорқып отырамыз кешке дейін. Ұстап отырыңдар дейді үйде, бірақ біз баланы ұстай алмаймыз. Өйткені олар аяғы шыққан балалар, біреуін ұстасаң, біреуі қашады. Әне, көрсеңіздер дәлел, шұңқырдың үстінде ойнап жүр балалар. Мен сол көп балалы аналар атынан сұрайтыным, осы шұңқырларымызды жауып, суымызды тартып, үйімізге суымызды кіргізіп берсе.

Динара Құсайынова, Шақаман ауылының тұрғыны:

- Қазып жатты, біз ойладық, бұл қазып жатып артынан жаңа құбырларды салады деп ойлағанбыз. Бірақ қазып тастағаннан кейін осындай мәлімет келді, мына жақта қазып жатқан ұлдар айтты, бұлардың не құбырлары жоқ, не басқа саймандары жоқ, өйткені мынаның бәрі ашық-шашық жатыр. Оның тағы бір мәселесі бар, астында бұрынғы су құбырлары жатыр. Олар ашық болған кезде қазан, қарашада бұлардың бәрі қатып қалады. Үйге ескі құбырлардың бәрі қатып қалса, сусыз қалатын жайымыз бар.

Тұрғындарды қинап тұрғаны қазылған шұңқырлар ұзақ уақыт ашық жатып қалған. Халыққа әсіресе, балалар мен қарт адамдарға өте қауіпті. Осы туралы дабыл қаққан соң кейбір көшелер апыл-ғұпыл тегістеліпті. Алайда сапасы көңіл көншітпейді.

Жанна Мәкеева, Шақаман ауылының тұрғыны:

- Бұрын мұның алдында «Горводоканалдың» тот басқан сары суын ішіп отырғанбыз. Оған да шыдадық. Енді ойбай, міне, жаңадан мынаның бәрін істейді, осы уақытқа дейін бітеді деген. Біткен түгі де жоқ.

Нұрдыхан Телжанова, Шақаман ауылының тұрғыны:

- Отын-су түсіретін уақыт келді. Енді ең болмаса мынаны жауып, бізге жөндеп беруін сұраймыз. Балалар көп осы көшеде, мал бар табынға шығатын. Не малдарын ұстай алмайды, не шөптерін не көмірлерін әкеле алмайды. Біз қиыншылық жағдайдамыз. Ал қыс түсетін болса, бұл ашық қалса, біз қыста қалай жүреміз.

Бұл жобаға тапсырыс беруші Семей қалалық әкімдігінің құрылыс бөлімі екен. Мұндағы шенеуніктердің айтуынша, алаңдайтын еш негіз жоқ. Жұмыстар кестеге сай жүріп жатыр. Жыл соңына дейін 22 шақырымға құбыр төселіп, 350-ге жуық үй таза сумен қамтылуы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, атқамінерлер мердігер мекемеге шаң жуыта қоймады.

Шадияр Күншаев, Семей қалалық құрылыс бөлімі басшысының м.а.:

- Бұл құрылыс бөлімімен де, сонымен қатар техникалық қадағалау ұйымымен әрдайым бақылауда. Мердігерлік ұйым жауапкершілікті сезінуге міндетті. Жұмыстарын орындап жатыр. Қазіргі уақытта 5 экскаватор жұмыс істеп жатыр. Техника жағынан проблема жоқ әзірге. Халыққа алаңдауға негіз жоқ. Келісімшарт бойынша мердігер ұйым жылдың аяғына дейін жұмысын аяқтауға міндетті.

Алайда құрылыс бөлімінің басшылары айтқан техникалардың қарқынды жұмысы мен мердігер мекеме жауапкершілігін біз ауыл ішінен көре алмадық. Ал халық жергілікті әкімдікке жеткізе алмаған мұң-мұқтажын шұңқырлар маңындағы тасқа таңба басқандай жазып кетіпті.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Сондай-ақ...