Семейде заманауи спорт кешені салынады
Семейдегі «Пищевик» стадионының орнына заманауи спорт кешені бой көтереді, деп хабарлайды 24KZ.
Бір мезетте 10 мың адамды қабылдайтын кешен Еуропалық футбол қауымдастықтары одағының үшінші біліктілік санатына сай болмақ.
Кешен аты аңызға айналған «Елімай» футбол клубының құрметіне салынады. Қазір жобалық-сметалық құжаттар рәсімделген. Жаңа стадионның құрылысы биыл қазан айында басталады деп жоспарланып отыр.
Араға 20 жыл салып «Елімай» футбол клубы қайта құрылды. Енді жергілікті әкімдік өкілдері жаңа стадион салуды ұйғарды. Себебі 60-шы жылдары салынған спорт кешені ескірген. Заман талабына сай емес.
Вадим Сек, «Елімай» футбол клубының техникалық директоры:
- Стадионның тозығы жеткен. Негізгі конструкциялар, инженерлік коммуникациялық желілер халықаралық стандарттарға сай келмейді. «Елімай» футбол клубының премьер-лигаға өткенін ескерсек, 2024 жылғы маусымға кіргенін ескерсек, футбол клубында жылытылатын 2 алаң болуы тиіс. Бізде оның біреуі де жоқ.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- «Пищевик» стадионы жылдар бойы қаңырап бос тұр. Енді 2 жылдан кейін дәл осы жерде жаңа спорт кешені бой көтереді. Бұл жоба қазір футбол жанкүйерлерінің де, қалың жұртшылықтың да назарын аударып отыр. Футболдың отаны саналатын Семей өңірінде бой көтеретін жаңа спорт кешенінде республикалық қана емес, халықаралық деңгейдегі жарыстар және түрлі мәдени шаралар өтеді деп жоспарланған.
Соңғы эскизі бекітілді. Ол бойынша жобалық құжаттама әзірленді. Нысанның құны шамамен 12 млрд теңге болады. Құрылыс биыл күзде басталады.
Димитрий Гариков, облыс әкімінің орынбасары:
- Бұл стадион ашық типті болады. Спорт кешені бір мезетте 10 мың көрерменді қабылдай алады. Ауданы 4,8 га, ал жалпы аумағы 5,8 га құрайды. Бұл жерде 4 қабатты әкімшілік ғимараты, жаңа заманауи стадион болады. Төрешілерге арналған трибуналар орнатылады. Сондай-ақ «Елімай» спорт клубының кеңсесі де осында орналасады.
Айта кетейік, «Елімай» командасы өткен жылы Қазақстан премьер-лигасына жолдама алып, Семейдегі футболда үлкен серпіліс жасады. Жерлестеріміз өткізген ойындардың ішінде «Елімай» командасында бірде-бір жеңіліс болған жоқ.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов.