Ақтауда «жұлдызды аспанға» 43 млн теңге жұмсалған

Көшенің көркіне 43 млн теңге жұмсалған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ақтау қаласының әкімдігі қаланы безендіруге жергілікті бюджеттен осынша қаржы бөлді. Жауаптылар бұл шаһар тұрғындарының демалуына жасалған жағдай дейді. Бірақ ақтаулықтар өз демалыстарының құны мұншалықты қымбатқа түскеніне таңғалып жатыр.

Мұндай жарқыраған жұлдыздарды ақтаулықтар бұрын соңды көрмеген. Қосылғанына бірінші күн дейді қара-құрым халық. Жарқырап, жанып, көздің жауын алады. Сөзсіз әдемі дейді бірауыздан тұрғындар, бірақ бағасын естігенде қоғам пікірі қақ жарылды.

БЛИЦ:

- Бағасына сай болғаны жақсы ғой әр нәрсенің. Бірақ дәл осы нәрсе 43 млн-ға тұрмайды деп ойлаймын өзім.

- Халыққа жақсы орын, қыдыруға, жүруге кешке жақын, тек теңіз жағасында емес. 43 млн өте қымбат деп ойлаймыз, басқаша ойластыруға болатын еді.

Тек осы, ұзындығы – 50 метр. Жобаның бас мердігері – Олжас Рахметов. Өзі ақтаулық емес, бірақ қаланы безендіруге барын салып жүрген азамат.

Олжас Рахметов, бас мердігер:

– Бұл сөзсіз бірегей жоба. Біздің сәулетшілер оны Ақтау қаласы үшін арнайы салды. Қаңқасы су өткізбейтін, желге төзімді металдан жасалған.

Ақтауды жарықтандыру жұмысы жоспар бойынша осы жазда басталуы керек еді. Бірақ әкімдіктегілер мен тұрғындар қаланы безендіруге келгенде келіспей қала береді. Бұл жолы да бізді дұрыс түсінген жоқ дейді қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Алпысбай Таубаев. 43 млн теңгеге бір емес, төрт сәулет нысаны салынып жатқан көрінеді.

Алпысбай Таубаев, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

– «Жұлдызды аспан», одан кейін заманауи киіз үй инсталляциясы, гүлдер алаңы және әткеншек инсталляциясы. Жергілікті бюджеттен қосымша құн салығы дейді ғой, НДС қоса алғанда 43 млн теңге салынды.

Сол төрт инсталляцияның бірі – Гүлдер алаңы. 200 шаршы метр. Бұл алаңның да жырын жергілікті тұрғындар жақсы біледі. Әкімдік осы жазда қурап қалған гүлдерді жасанды түрімен ауыстырып, қала тұрғындарының сынына іліккен.

Алпысбай Таубаев, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

– Көгалдандыру кезінде Ынтымақ алаңына «Тәуелсіздік 30 жыл» деген гүлдерден жазу болған болатын. Олар күннің ыстығына шыдамай өліп қалған, уақытша безендіру бағытында уақытша жасанды гүлдерді қойған болатын. Онда да тұрғындардан әртүрлі пікірлер қалды. Қазіргі таңда ол жерге 200 метр гүлді алаң жасалды.

Ақтаулықтардың игілігі үшін салынып жатқан тағы бір нысан – мына әткеншек. Жақын арада қолданысқа беріледі. Осылайша, қала 4 архитектуралық нысанмен толықты. Ішіндегі ең қымбаты – «Жұлдызды аспан». Оны күтіп-ұстау да бюджетке арзанға түспейтін секілді. Мысалы, жол төбесіне тартылған мына шамдар жолағын күіп ұстауға жыл сайын бюджеттен 26 млн жұмсалады екен.

Гүлжан Марқабаева, Ренат Досәлиев