Павлодарда алаяқтар қолданысқа берілмеген үйдегі пәтерлерді сатқан

Елде алаяқтық деректері бір жыл ішінде 40 процентке өскен. Олардың басым бөлігі төлем карталарын қолдануға, несие беру және жеке деректерді ұрлауға қатысты. Қулығына құрық бойламайтындар қандай айла-тәсілге жүгінеді? Олардан сақтанудың жолдары қандай? Кибериммунитетті қалай қалыптастыруға болады?

Қаскөйлердің арбауына Әлия Аймағамбетова да түскен. Айтуынша, қарбалас кезде банк қызметкері хабарласқан. Банк қосымшасы арқылы бөгде адам несие рәсімдегенін айтып, құйтырқы әрекетін жүзеге асырған. Алаяқ оған жаңа құпиясөз орнатады. Әлия СМС-кодты айтып, банкоматтан миллион теңгені шешіп, басқа шотқа салып жібереді. Ал қаржы алаяқтарының құрығына түскенін түсінгенде бәрі кеш еді.

Әлия Аймағамбетова, қала тұрғыны:

- Мен банкке хабарласып, мән-жайды сұрайын дегенімде алаяқтар қазір тексеріс келіп жатқанын айтты. Қазір хабарлассаңыз тергеу жұмыстарына кедергі келтіресіз деді. Айтқандарын бұлжытпай орындадым. Мобильді қосымшаны ашып, құпия сөзді ауыстырдым. Содан кейін жақын жердегі банкоматқа барып ақшаны шешіп алдым. Басқа есеп-шотқа қаржыны аудардым.

Елде киберқылмыс белең алып барады. Алаяқтардың айла-тәсілі көп. Олар онлайн сату немесе арзан бағаға тауарды алумен, құпия деректерге қол жеткізу арқылы мақсатына жетеді.

Павлодар тұрғыны бірнеше жылдан бері қазақстандықтардың аңғалдығын пайдаланып келген. Ол интернеттегі хабарламалардан әлі пайдалануға берілмеген үйлерді тапқан. Содан соң жалған құжатты нотариус арқылы куәландырып, тұрғындарға сатқан.

Сотталушы:

- Тұрғындар «20 мың долларға арзан пәтер аламын» деп алданып қалады. Қазір кез келген келісім-шартты интернеттен жүктеп, нотариусқа барып куәландыруға болады. «Оңай олжаға кенелемін» деп адамдар құжатты мұқият тексеріп алмайды. Оларды сендіру үшін кілтті беріп, үйдің мекен-жайын айтатынмын. Мен 8 жыл бас бостандығымнан айырылдым. Залал келтірілген соманы қайтара алмаймын. Оның орнына осында жұмыс істеймін. Мен «оңай жолмен ақша табамын» деп опық жедім.

Наргиз Бекмағанбетова, тілші:

- Алаяқтар адамның сенімін иелену тәсілдерін мықтап меңгерген. Реті келсе, деректер базасын бұзу да олардың қолынан келеді. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері 30 мыңға жуық Қазақстан азаматы алаяқтардың арбауына түскен.

Нұржан Бияқаев, банк мәселелері жөніндегі тәуелсіз сарапшы:

- Қазір Қазақстанда фишингтік және вишингтік шабуылдар белең алып отыр. Фишингтік шабуылдар электронды поштаға сілтеме жіберу арқылы жүзеге асады. Азаматтар сілтемеге өтіп, алаяқтарға құпия деректерді ашып береді. Ал фишингтік шабуыл азаматтармен телефон арқылы сөйлесу кезінде жасалады. Сізге өзін банк қызметкері немесе Ұлттық қауіпсіздік қызметкері деп таныстыратын адам қоңырау шалады. Сол кезде телефон тұтқасын дереу қойып банкке хабарласу керек.

Әдетте қаржылық манипуляциялар өзге елдерден жүзеге асады. Ішкі істер министрлігінің айтуынша, мұндай қылмыстық істің бетін ашу үшін ұзақ уақыт қажет. Себебі шетелдегі құзырлы органға сұраныс жіберіп, жауап күту керек. Сол кезде ғана іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізіледі.

Әлібек Оразалы, ҚР ІІМ Криминалды полиция департаментінің аға жедел уәкілі:

- Қазіргі таңда алаяқтар көбінесе шекара талғамайды. Әрине бізде жасалып жатқан интернет желісіндегі алаяқтардың көпшілігі жақын алыс шетелдерде отыр. Қылмыстың жасалуы, тәсілдері жағынан ізі шетелден шығып жатса, шетелдік әріптестермен, шетелдегі құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс атқаратын боламыз. Оларға сұраныс жолдаймыз, біздің қызметкерлер іссапарға шығады. Солай қылмыстың бетін ашамыз.

Әр адам кибершабуылдан сақтанғысы келсе, онда парақшаны жеке нөмірмен байланыстырып, оған қос факторлы аутентификация жасауы тиіс. Мамандар цифрды қолдану гигиенасын естен шығармауды ескертеді.

Лев Шмелев, ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі маман:

- Қарапайым әлеуметтік желі пайдаланушысы өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мұқият болуы қажет. Кибериммунитет қалыптастыру үшін күдік тудырған сілтемені ашпау, ашық Wi-Fi-ға қосылмау, осал пароль қолданбауы тиіс. Жеке парақшаның құпия сөзін жиі ауыстыру қауіпсіздікті күшейтеді.

Бұл мәселе жазда Парламентте де көтерілген. Онда депуттатар азаматтарға несиеден ерікті түрде бас тарту құқығын беруді ұсынған. Бұл ұсынысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қолдаған. Мекеменің мәліметінше, былтыр жалған микронесие берудің мыңға жуық дерегі тіркелген.

Наргиз Бекмағанбетова, Жандос Сұлтанғазы, Ержан Рахманбердиев