Еліміздегі әкімшілік соттарға 9 мың арыз түскен

Жаңадан құрылған әкімшілік соттарға 9 мыңнан астам арыз түскен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шағым иелері көп жағдайда мемлекеттік органдар жұмысына көңілі толмай, фемида өкілдерінің көмегіне жүгінген. Судьялардың 60% арызданушы тараптың өтінішін қанағаттандырды. Яғни процесс барысында құқықтарын толық қорғап шықты. Оларға заңдық тұрғыда көмек көрсетілді.

Еске салайық, биыл 1 шілдеде елімізде мүлдем жаңа құрылым - әкімшілік соттар ашылған болатын. Олардың жалпы саны 21-ге жетті. Елорда мен Алматы және өңірлер де бар. Құрылымға қосымша судьялар тартылды. Қазір олардың саны 2 мың 300-ден асады.

Айдос Сәдуақасов, ҚР Жоғарғы сотының ресми өкілі:

– Әкімшілік сот жүйесінің енгізілуімен 21 сот ашылды. Оған қомақты қаражат бөлінген жоқ. Қолданыстағы бюджетті игердік және жергілікті әкімдер ғимараттарды бөліп берді. Өз ресурстарымызды қолдандық.