434.16 493.30 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Алматыда Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының 100 жылдық мерейтойы атап өтілді

  • 97
Алматыда Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының 100 жылдық мерейтойы атап өтілді

Бүгін Алматы қаласында Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының 100 жылдық мерейтойына арналған бірқатар іс-шара өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Іс-шараларға білім беру саласының құрметті қызметкерлері, қоғам қайраткерлері және Академияда ұзақ жылдар бойы қажырлы еңбек етіп, қазақ білімінің дамуы мен өркендеуіне үлес қосқан ғалымдар қатысты. Мерейтойға арналған іс-шара Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою және Алаш зиялысының музей-үйіне бару рәсімдерінен бастау алды.

Одан соң Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ғимаратында Академияның 100 жылдығына арналған конференция өтті. Конференция аясында Академия дамуының тарихи аспектілері, қазақтың көрнекті тұлғаларының оған қосқан үлесі, сондай-ақ Академияның қазақстандық білім беру жүйесін дамыту мен қалыптастырудағы рөлі қарастырылды.

Салтанатты іс-шара соңында Академия президенті Ғани Бейсембаев конференцияға қатысушыларға Ұлттық білім академиясының дамуы мен қазақ білімінің өркендеуіне, білім берудің мазмұны мен әдістемесін жетілдіруге сіңірген еңбектері үшін алғыс хаттар табыс етті.

Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы 1921 жылы Орынбор қаласында Алаш көшбасшысы Ахмет Байтұрсынұлының бастамасымен құрылған. Академия өз қызметін 1933 жылдан бері Алматы қаласында жүзеге асырды, ал 2009 жылдан бастап Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан.

Академияның мақсаты ғылыми негізделген оқу-әдістемелік, озық инновациялық технологияларды әзірлеу және енгізу арқылы қазақстандық білім-ғылымды заман талабына сай дамыту болып табылады. Осы мақсатқа жету жолында Академия жетекші ғылыми-зерттеу, әдіснамалық, оқу-әдістемелік, консалтингтік хаб ретінде қалыптасуда.

 

 

Хабар 24 телеарнасы