Ақтауда пальма ағашы табиғи жолмен өсіріліп жатыр

Ақтауда пальма ағашы табиғи жолмен өсіріліп жатыр

Өңір тарихында бұрын болмаған жобаны қаладағы ботаника бағының мамандары жүзеге асырды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Айтуларынша, субтропикалық өсімдікті жерсіндіру жұмыстары былтыр басталған. Әзірге нәтижесі жаман емес. Келешекте пальма көшеттерін шаһардың көрнекті орындарына егу жоспарда бар.

Пальма ағашының бұл түрі Италия, Түркия және Грузияда өседі. «Аймақ климаты осы елдерге ұқсас. Жылдың басым мезгілінде орташа ауа температурасы 10 градус жылылықты көрсетеді. Өз кезегінде, субтропикалық өсімдіктерді отырғызуға мүмкіндік береді» - дейді мамандар.

Ақжүніс Иманбаева, ботаника бағының директоры:

– 2-3 жыл болды осымен айналысып жатқанымызға, субтропикалық өсімдіктерді енгізуге. Оның ішінде көптеген өсімдіктер келіп жатыр бізге. Анар, тұт ағаштары деген сияқты. 5-6 жылсыз мұның нәтижесін кесіп айту қиын.

Ботаникалық бақта магнолия, розмарин, зәйтүн, лавр, темір ағашы сияқты өсімдіктер сынақ түрінде өсіріліп жатыр. Қазір жайқалып тұрған пальма ағашының 40-қа жуық көшеті Түркиядан Алматыға жеткізілген. Ғалымдар ақылдаса келе, климаты жылы аймақта өсіріп көруді ұйғарыпты. Маңғыстау топырағына былтыр егілген 12 көшеттің 10-ы қыстан аман шықты.

Ақжүніс Иманбаева, ботаника бағының директоры:

– Алғашқысында 1-2 ай температуралық режимге бейімделсін деген мақсатта өзінің ыдысында ұстап отырдық. Қыркүйек айынан бастап ектік. Қыстың алдында қарашада осылай аяқтап жабамыз. Қысқа дайындаймыз.

Бақ қызметкерлері пальма ағашының жоғары бөлігі күн суықта қатпауы үшін кенеп мата жабады. Бұл - әлемдік тәжірибеде бар тәсіл. Жылы күндері ашып қояды.

Айта кетейік, жергілікті университет базасында субтропикалық өсімдіктерді егу жұмыстары 2018 жылдан бері сәтті жалғасып келеді.

Латипа Қожамжарова, жаратылыстану ғылымдары кафедрасының меңгерушісі, профессор:

– Итальяндық альба, тропикалық лимон сол сияқты ананас, пальманың түрлерін, суклент өсімдіктердің түрлерін студенттермен кіші ғылым академиясында өсіріп, осы табиғатқа жерсіндіреміз. Имбирь, лимон сияқты өсімдіктерді Маңғыстауда өспейді деу дұрыс емес. Маракуйя өсімдігін мысалы жүзіммен алмастыруға болады.

Талғат Исламұлы, тілші:

–Ақтауда 3 жыл бұрын теңіз жағалауына биіктігі 11 метрлік 100 жасанды пальма ағашы орнатылды. Сәндік өсімдіктерді 14 ықшам аудандағы полиция бекетінен 15 шағын аудандағы жағалауға дейінгі аумақтан көруге болады. Инвестициялық жоба. Келешекте оларды Маңғыстаудың топырағында өскен пальма, ананас, маракуйя көшеттері алмастыруы әбден мүмкін.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев