Құс екеш құс та қазақша түсінеді

Елордада анау-мынау емес, экзотикалық қанаттыларды баулып, талайды таң-тамаша етіп жүрген маман бар.

Айсұлу Әбдікерімқызы - құс үйретуші. Қалалық циркте қызмет етеді. Қазір көгершін, аққу, үйрек, тауыс, қырғауыл сынды қанаттылардың тілін тауып, манежге дайындайды. 

Айнұр Қуатқызы, тілші:

 - Құсты қолға баптау оңай емес. Ал оны аренаға шығару тіптен қиын. Бір құсты үйретуге 6 айдан 1 жылға дейін уақыт қажет екен.

Айсұлу Әбдікерімқызының әуелгі мамандығы халық билерінің балетмейстрі. Атамекенге оралғаннан бастап, циркте билей жүріп, құс үйретуге қызығушылығы ауады. Басында көгершіндерді көндірген ол, қазір экзотикалық құстардың тілін тапқан. Тотыдайын таранған қырғауыл, маңғаз аққу, сүйкімді үйректермен адамша тілдеседі. Көрермен алдына шықпас бұрын қанаттылардың бабын келтіріп, әрбіреуіне арнайы көрініс дайындайды.

Айсұлу Әбдікерімқызы, цирк артисі:

 - Тілін тапқанда оларға өзіміз жақын болып, жақсы көруіміз керек. Олар да адамның мінезіне қарай бағынады. Күнде аренаға әртүрлі құстарды аз-аздан шығарып отырамыз да үйретіп отырамыз. Оларды қолға, өз дауысымызға үйретеміз. 

Бір қызығы Айсұлу Әбдікерімқызы өзі ғана емес, қыздарын да осы салаға баулыған. Олар да экзотикалық құстарды еркін үйретіп алған. Анасымен талай рет цирк манежінде өнер көрсеткен. Болашақта қоқиқаздың үйретсем дейді.

Ақназым Тимур, цирк артисі:

- Болашақта фламингоны үйреткім келеді. Бірақ олардың күтімі ауыр. Олар тек креветки, балық жейді. Олар тез ауырып қалуы мүмкін. Сондықтан бірінші дайындалып алуым керек.  

Құс үйретуші маман экзотикалық қанаттыға өнер көрсетерде қазақша нұсқау береді екен. Құстың өзі тіл ұғынып жатыр. Болашақта мұнымен тоқтап қалмайтынын айтады. Циркте өнер көрсетіп, түрлі трюктерімен елді таңқалдырмақ.

Айнұр Қуатқызы Диас Қобыланбай