Түркістанда президенттік шақырымға жүгіру марафоны өтті

Түркістан қаласында Тұңғыш Президент күніне орай «Елі сүйген, елін сүйген Елбасы» ұранымен Президенттік шақырымға жүгіруден бұқаралық жарыс өтті, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Оған балалар, спортшылар және қала тұрғындары мен қонақтар қатысып, жарыс көркін қыздырды.

Бүгін Түркістанда күн шуағын шашып, сәрсенбінің таңы жайдары атты. «Түркістан арена» стадионына жиналған халықтың да көңіл күйі көтеріңкі. Жарысқа қатысушылар алдымен бой қыздырып алды. Содан кейін барып мерекелік жарыс басталды.  

Президенттік шақырымға жүгіру марафоны биыл Түркістан қаласында алғаш рет өткізіліп отыр. Жарысқа мыңға жуық адам қатысты. Олардың арасында балалар мен қала тұрғындарынан бөлек, көрші аудандардан келген желаяқтар да бар. Бұқаралық жүгіруге қатысушылар қала көшелерін бойлай екі жарым шақырым қашықтыққа жүгірді. Кентаулық Ардаше алдына қара салмай, мәре сызығын бірінші болып кесті.

Ардаше Захиддинов, жарыс жеңімпазы:

– Онша қиналмадым, ойдағыдай жүгіріп шықтым. Ұйымдастырушыларға алғыс білдіреміз. Осындай жарыстар көбейе берсе, жастарда осындай спортпен айналысуы керек.

Марафонға қатысушылар жас ерекшелігіне қарай марапатталды. 14 пен 29 жас аралығындағы ерлер мен қыздар және жасы 30-дан асқан спортшылар болып бөлінді. Жүлделі орынға ие болғандардың барлығына сый-сияпат жасалды. Сондай-ақ спорттан Президенттік тест тапсырған әжелер де құрметке бөленді.

Төлеуқыз Жұмаділдаева, Отырар ауданының тұрғыны:

– Кеше жүгірдік шаршағанымыз жоқ. Істе дегеннің бәрін істедік. Екі аяқ, екі қолымды көтеріп, 27рет жаттығу жасадым. Қосаяқтап секіруден 70 сантиметрге секірдім. Бәрінен өттік. Жасым 80-де қазір. 30 немере, 28 шөберем бар. Мынау70 пен 80-нің барлығын спортқа шақырамын.

Жазира Мүсілімова, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы:

– Бүгін қысқы маусымның ашылуы басталды. Біздің климатымызға байланысты қазір қар жоқ. Сондықтан біз марафон ұйымастырдық. Бұқаралық жүгіру жарысы болғандықтан бұл жерде тек спортшылар емес қарапайым халық та қатысып отыр.

Президенттік шақырымға жүгіру марафоны бұқаралық спортты дамыту мен салауатты өмір салтын насихаттауды және жастарды спортқа баулуды көздейді.

Авторлары Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш