Қарағанды облысында елік атқан браконьерлер ұсталды

Қарағанды облысында елік атқан браконьерлер ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

5 желтоқсанда Қарағанды облысы Абай аудандық бөлімінің Топар полиция бөлімшесінің қызметкерлері рейдтік іс-шара өткізді. Полицейлер сағат 15:30 шамасында елді мекендердің бірінің аумағында 41 жастағы жүргізуші басқарған көлікті тоқтатқан. Көлікте 16 мен 44 жас аралығындағы төрт жолаушы болған.

Полицейлер көлікті тексеру кезінде кесілген екі елікті тапты. Ұсталғандар – барлығы Шахтинск қаласының тұрғындары.

Күдіктілерден үш бірлік тегіс ұңғылы қару алынды.

ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабы (Заңсыз аңшылық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.