Жуырда «Тесть-драйв» кинокомедиясы көрерменге жол тартады

Отандық кинокомедия тағы бір туындымен толықты. 9 желтоқсан күні «Тесть-драйв» туындысы қалың көрерменге жол тартады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Фильмнің басты кейіпкері – Болат Ғазитұлы. Іскер азамат құрылыс саласында толағай табыстарға жеткен. Бірақ оған бәсекелестері тіс қайрап жүреді. Тіпті, шабуыл жасамақ болады. Мұны білген бизнесмен шалғайдағы ауылдардың біріне барып жасырынбақ болады. Міне, осы кезде оқиға шиелене түседі. Фильм авторлары жұрттың ішек-сілесін қатырамыз деп сендіріп отыр.     

Миша – кәдуілгі учаскелік полиция қызметкері. Жұмысын жақсы атқарады. Әркез қоғамға пайдам тисе екен деп жүреді. Бірақ оның өзге де арманы бар. Тезірек шаңырақ көтеруді қалайды. Көңіл жарастырып жүрген қызы тұрмысқа шығуға дайын. Бірақ қыздың әкесі бұған көне қоймайды. Қалтасы қалың кәсіпкер – Болат Ғазитұлы әлгі полицейді менсінбей, жастарға батасын бермейді.       

Дмитрий Кириенко, «Тесть-Драйв» продюсері :

– Меніңше, мұндай жайттар өмірде де болып тұрады. Бірақ осындай қиындыққа тап болған жігіт тығырықтан қалай да шығуға тырысады. Сүйгеніне қосылу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Бұл – басқа адамға үлгі боларлық дүние.   

Идея авторы әрі сценарист – Еркен Губашев. Фильмдегі қыңыр кәсіпкердің  рөлін өзі сомдайды. Құрылыс магнаты бәсекелестерінің біріне ұнамай қалса керек. Әлгілер бұған шабуыл жасауды көздеп жүреді. Ал болашақ күйеубаласы оны құтқармаққа бел буыпты. 

Асқар Шафи, «Тесть-драйв» режиссері:

– Бұл фильм көрерменнің көңілінен шығады деп ойлаймын. Менің режиссер ретіндегі алғашқы жұмысым. Фильмді көрген адам экраннан өзін көргендей болады. Өйткені, ондағы кейіпкерлер шынайы өмірде де кездеседі.

 «Тесть-драйвты» фильмі осыдан екі жыл бұрын түсірілген. Қырық шақты адам жұмыла жүріп, осы бір тың туындыны өмірге әкеліпті. Бірақ індет өршіп, сол кезде қалың көрерменнің назарына ұсына алмадық дейді. Тап қазір орайы келген екен. Ендеше жұрттың ішек-сілесін қатыратын фильмді 9 желтоқсан күні елдегі кинотеатрлардан тамашалай аласыздар.

Дастан Сейілханұлы