Қарағанды облысында «Тәуелсіз Қазақстанның моноқалалары» челленджі басталды

Облыстың Саран қаласында басталған мерейтойлы шараны елдің 10-ға жуық моноқала халқы қолдай кеткен, деп хабарлайды Хабар 24.

Талап бойынша челленджге қатысушылар шағын ролик немесе слайд жасап, моноқалалардың ел дамуына тигізген септігі жайлы көрсетуі тиіс. Мысалы бастамашы болып отырған Саран қаласында қазір 50-ге жуық кәсіпорын бар. Бейнероликте Саран шахтасындағы көмір өндірісі, автобус шығару ісі, автокөлік шиналары мен бетон бұйымдар дайындау ісі көрсетілген. Қазақстанда қазір 27 моноқала бар, онда шамамен бір жарым миллион адам тұрады. Елдегі өндіріс көлемінің 40 проценті де дәл осы шағын серіктес қалаларға тиесілі.

Денис Эйхвальд, Саран қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:

– Өз облысымыздан басқа өңірдің қалалары да бізді қолдады. Ол Ақмола облысының Степнагорск қаласы, ШҚО Курчатов қаласы, Қостанай облысындағы Лесаковскі мен Жетіқара қалалары да бар. Эстафета біз ойлағаннан гөрі әлдеқайда зор қызығушылық тудырып, күн сайын басқа да моноқалалар өз өңірінің жетістіктерін көрсетіп жатыр.