Қостанайда жаңа көпір пайдалануға берілді

Қостанайға кіреберістегі көпірдің құрылысы аяқталып, пайдаланылуға берілді. Ұзартылып, ені ұлғайған көпірдің көлік өткізу мүмкіндігі екі есеге артқан. Қос жағалауындағы жалғасқан жолдар да жөнделіп, бірінші санат денгейіне жеткізілді.

Манарбек Сәндібаев бұл жолмен күнделікті қатынайды. Бұрынғы көпір тар және еңістеу орналасқан еді. Сондықтан тайғақ кезде жағалауға көтерілу қиынға соғатын. Апатты жағдайлар жиі болған.

Облыс орталығына Тобыл өзені арқылы өтетін үш көпір бар. Бүгінде солардың барлығы жаңғыртылып, жөнделді. Айтса айтқандай-ақ, жаңа көпірдің бұрыңғымен салыстырғанда артықшылығы көп. Ескісінің ені небары 7 метр болса, қазіргісі 24 метр. Жиегіндегі жолмен қоса есептегенде жалпы ұзындығы бір шақырымды құрайды. Ауқымды жоба екі жылдың іщінде жүзеге асты. Оны қаржыландыруға «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 4 миллиард 300 миллион тенге бөлінген.

Болат Сейдахметов, Қостанай облыстық Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

– Бұрын бұл жерден тәулігіне 12 мыңға жуық көлік өтетін. Қазір күніне 24 мың автокөлік емін-еркін жүре алады. Көпірді астыңғы төсенішімен 9 метрге көтердік. Бұл машиналардың қозғалысын жеңілдетті. Сондықтан жаңа көпірдің экономикалық жағынан да, қауіпсіздік жағынан да маңызы зор.

Жалпы Қостанай облысы бойынша тәуелсіздік алған жылдар ішінде түрлі маңыздағы 20 көпір құрылыс-монтаж жұмыстарымен қамтылған. Оның екеуі жаңадан салынса, қалғандары қайта жаңғыртылып немесе күрделі жөндеуден өткізілген.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг