Көкшетауда қарияларға арналған мектеп ашылды

Көкшетауда қарияларға арналған мектеп ашылды

Көкшетауда қариялар мектебі бар. «Күміс университет» аталатын біліктілік курсына егде жастағы 100-ден астам адам қатысады. Олар компьютерлік және цифрлық сауаттылық, ағылшын тілі, емдік дене шынықтыру, құқықтық және қаржылық білім, бау-бақша шаруашылығы, ұлттық құндылықтар және өнер секілді 10 бағыт бойынша тәлім алады. 

Жасы 70-тен асқан Ырысжан Мұстафина қазір қариялар мектебінің белсенді студенті. Жас кезінде сауда саласында еңбек еткен әжей зейнетке шыққан соң да қарап отырмапты. Осы жасқа жеткенше өзін жан-жақты дамытумен айналысып келеді. Өнер мен спорттан да кенде емес. Енді білім жетілдіруге ден қойған.

Ырысжан Мұстафина, зейнеткер:

- Немерелерім оқу бітіреді. Мүмкін шетелге оқуға түседі, мүмкін шетелге саяхатқа барамын. Соны кішкене болса да қарым-қатынаста болу үшін жазу жағын білмесек те сөздерді үйреніп жатырмыз. Енді осы жуыр арада немерем 18-ге толады. Сонда мен ағылшынша құттықтағым келеді. «Көкшетау» мәдениет сарайында хорға қатысамын, ән айтамын. Өзім аздап баянда ойнаймын. Өзім күнде таңертең гимнастикамен жасаймын және таза ауада жаяу жүремін.

«Күміс университет» бұл Білім және ғылым министрлігінің 2020–2025 жылдарға арналған саланы дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүзеге асырылып отырған әлеуметтік жоба. Яғни мұнда қариялар үшін білім алу тегін. Ал осы бір игі істі қолға алған университетінің ұжымы қарттардың белсенділігіне тәнті болғандарын айтады.

Кәрима Қанитаева, «Күміс университет» жобасының координаторы:

- Оқуға осынша адам келеді деп күткен жоқпыз. Әр курста бір-бір топтан ғана болады деп ойладық. Алайда ағылшын тілі мен цифрлық сауаттылық пәндерінен 2 топтан ашуға мәжбүр болдық. Себебі бір емес бірнеше сабақты қатар оқығысы келетін қариялар көп. Ал студенттеріміздің ең үлкені 85, кішісі 60 жаста.

Ал алты ай бойы оқыған зейнеткерлер алдағы жылдың мамыр айында салалық министрліктің арнайы сертификатына ие болады. Курстар келесі оқу жылында да ұйымдастырылады. Сұраныс болып жатса, басқа да мамандықтарды меңгеруге мүмкіндік жасаймыз, дейді университеттегілер.

Айта кетейік, бүгінде еліміздің бірнеше өңірінде осындай қариялар мектебі бар.

Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко