Павлодарда құны 19 млрд теңге болатын экологиялық жоба жүзеге асырылмақ

ERG Thyssenkrupp Industrial Solutions компаниясы бүгін ірі келісімшартқа қол қойды. Құны 19 миллиард теңге болатын экологиялық жоба аясында Павлодар алюминий зауытындағы 4 электр сүзгі алмастырылады. Бұл – ERG тобының ұзақ мерзімді Экологиялық стратегиясының ең маңызды бастамаларының бірі.

Гибридті электр сүзгілер шаң мен газ тазарту жүйесіндегі инновациялық шешім. Павлодардың алюминий зауытында әзірге осындай екі сүзгі орнатылыпты. Олар қоршаған ортаға таралатын шаң мен газдың мөлшерін едәуір азайтқан. ERG компаниясы зауытты толық инновациялық технологияға көшірмек.

Ардақ Нұразханов, ERG Capital Projects бас директоры:

– Сүзгілерді орнатқан кезде біз газ тазартудың жоғарғы көрсеткішіне қол жеткіземіз. Тазарту тиімділігі 99,99% болуы керек.

Алдағы уақытта Павлодар алюминий зауытында тағы 2 жентектеу пешіне гибридті электр сүзгілері орнатылады. Бұл бағытта жасалған келісімшарттың құны 19 милиард  теңгеден асады. Жоба 2024 жылдың соңына дейін жүзеге асырылуы тиіс.

Павлодар алюминий зауытында қазір қолданылып жатқан сүзгілер бүгінгі заңнама талаптарына толық сай келетініне қарамастан компания ұдайы озық, әлемдік тәжірибелерге ұмтылады. Неміс компаниясының өкілдері оларды алмастырудың тиімділігі жоғары болатынын айтады.

Роман Карл, Thyssenkrupp-тың ТМД елдеріндегі тау-кен байыту технологияларына жауапты аймақтық директоры:

– Ауаға тарайтын қалдықтардың көлемі азаяды. Ол еуропалық стандарттардан жоғары. Павлодар алюминий зауытымен бірлесіп жүзеге асыратын бағдарламамыз қоршаған орта мен Павлодар қаласының экологиясын жақсартуға бағытталған.

Ұзақ мерзімді экологиялық жаңғырту жобасы 2030 жылға дейін жалғасады. ERG тобы зауыттағы барлық пештерді  гибридті сүзгілермен жабдықтайды.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат