Қазақстандықтар биыл қанша жарық тұтынды?

Биыл электер энергиясын ел азаматтары қарашада көп тұтыныпты. Дәлірек айтсақ, жоғарғы көрсеткіш 26 қараша күні кешкі сағат жетіде анықталған. Дәл сол күні 15 мыңнан астам мегаватт тұтынған. Бұл туралы Ұлттық диспечерлік орталық хабарлап отыр. Мамандар Қазақстанның биыл қанша энергия тұтынғанын да айтып берді.

Еліміздің күллі энергия ағындарын басқаратын басты диспетчерлік орталық осы. Дәл осы жерден еліміздің аумағындағы барлық энергетикалық инфрақұрылым арқылы жөнелтілетін энергия қуаты үлкен монитор арқылы бақыланады. Монитордың бергі жағында отыратын мамандарға жүктелген жауапкершілік орасан зор. Қай өңір қанша энергия тұтынып жатыр? Негізгі қуат көздері қалай жұмыс істеп тұр? Энергия толқындарына қатысты барлық операциялар диспетчерлердің қырағы назарынан тыс қалмайды. Бұған қоса мамандар мемлекетаралық энергия алмасу процесстерін де қадағалайды.

Ерлан Мыңбаев, жүйелік оператордың ұлттық диспетчерлік орталығының диспетчері:

– Қазақстанның энергожүйесі Ресей Федерациясы, Өзбекстан және Қырғызстанның энергожүйелерімен қатарлас жұмыс істейді. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының тұтынуы 14700 МВт-ты құрайды. Республика электр станцияларының жиынтық генерациясы – 14900 МВт. 

Үш елдің электр жүйелері қатар жұмыс істейді. Энергия тапшылығы немесе керісінше, артық болған жағдайда мемлекеттер бір-біріне көмектеседі. Ал Қазақстан тарапынан бұған ұлттық диспетчерлік орталық та жауапты.

Ерлан Мыңбаев, жүйелік оператордың ұлттық диспетчерлікорталығының диспетчері:

– Ұлттық диспечерлік орталықтың кезекші ауысымы Қазақстан Республикасының энергия жүйесінде жедел басқаруды тәулік бойы жүзеге асырылады. Біздің компаниямыз бен біздің еңбегіміздің арқасында Қазақстанның әрбір үйінде жарық бар.

Ал жыл қорытындысы бойынша қазақстандықтар  113 миллиард киловатт/сағатына электр энергиясын тұтынады деген болжам бар. Бұл электр станцияларының жоспарлаған энергия көлеміне жуықтайды дейді диспетчерлер.

Ғазиза Мұхамеджанова, Нұрғали Мамырбаев