Бекшин: Covid-19 омикрон нұсқасы эпидемиясының толқыны болуы мүмкін

Covid-19 омикрон-нұсқасының Алматыға келуі уақыт еншісінде. Тіпті келесі жылы дельта штамын ығыстырып, омикрон үстемдік етуі мүмкін, деп хабарлайды Хабар 24.

Бесінші толқынның шыңы алдағы жылдың наурыз айының ортасында болады деген болжам бар. Бұл туралы Алматы қаласының мемлекеттік бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин брифингте мәлімдеді.

Оның айтуынша, коронавирустың омикрон штамы әлемде тез таралып отыр. Бүгінге дейін 109 елде тіркелген. Осыған байланысты Алматыда шетелден келгендерге қатысты алдын алу шаралары күшейтілген.

Бекшиннің мәліметінше, 3 және 20 желтоқсан аралығында Алматыға 50 мыңға жуық жолаушы келген. Оның алтауынан коронавирус анықталып инфекциялық стационарға жатқызылған. Олардың омикронды жұқтырғаны немесе жұқтырмағаны арнайы зерттеуден кейін анықталады. Қазір Алматыда ұжымдық иммунитет деңгейі 58 проценттен асқан. «Дегенмен еркінсуге әлі ерте, әсіресе жаңа жылдық демалыс кезінде сақ жүрейік»,– деді Жандарбек Бекшин.

Жандарбек Бекшин, қаланың мемлекеттік бас санитар дәрігері:

– Бүгінгі күні эпидемиологиялық жағдай қаламызда тұрақты. Осы эпиджағдайды қадағалайтын матрица бойынша біздің қаламыз әлі де осы 13 қарашадан бастап жасыл аймақта орналасқан. Біздің болжам жылдың аяғына дейін омикрон бізге әлі кіре алмайды. Ең біріншіден, бізді алаңдататын АҚШ, Германия, Израиль, Ресей федерация.