Ақтауда көшелерге «Сергек» камералары қойылады

Өңірде жүргіншілер жолағында адам қағу көбейіп кетті. Енді жолдағы жүгенсіздікті бейнебақылау камералары қадағалайды, деп хабарлайды Хабар 24.

Ақтауда жүгенсіз жүргізушілер кесірінен қайғылы жағдай көбейді. Жақында кішкентай қыз бен анасын көлік қағып, көз жұмды. Қайғылы оқиға 4 күн бұрын түнгі сағат 12-нің  шамасында болды. Toyota Land Cruiser тізгіндеген әйел реттелмейтін жол қиылысында 2 адамды қағып кетті. Соққының күштілігі соншабірнеше метр жерге ұшырып жіберген. Анасы жол үстінде жантәсілім етсе, 5 жасар бүлдіршін жансақтау бөлімінде көз жұмды. 

Құрман Қайранов, облыстық балалар ауруханасының бөлімше меңгерушісі:

– Түскен кезде баланың жағдайы өте ауыр. Клиникалық өлім дейді. Науқастың есі жоқ. Жедел түрде операцияға алынып, көрсетілді. Қан құйылды. Бірақ соған қарамастан баланы аман алып қалу мүмкін болған жоқ.

Әйгерім Ибадуллаева, өңірлік ПД сыртқы және ішкі коммуникациялар бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– 29 жастағы әйел оқиға орнында алған жарақаттарынан көз жұмды. Аталған дерек ҚР қылмыстық кодексінің 345 бабы, 4 бөлігі бойынша тіркелді. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Ақтауда жыл басынан бері 10 адам жолда қаза тауып,107 жаяу жүргінші түрлі жарақат алды. Жыл басынан бері 75 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бүгін 12а шағын ауданда тағы бір жол апаты болды. Алғашқы дәрігерлік көмек көрсетілген соң 37 жастағы әйел үйіне жіберілді. Енді қала билігі көшелерге қосымша 111 бейнекамера қойып, жол қауіпсіздігін бақылауды күшейтпек. Соның ішінде 11 «Сергек» жол қиылыстарына орнатылады. Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде келер жылы жүзеге асады. 

Мәлік Әбдіқадыров, Ақтау қаласы әкімінің орынбасары:

– 100-і полиция департаментінің бізге көрсетілген нүктелерге орналастырылады. Қазіргі кезде техникалық жобалар дайындалуда. Одан кейін бағасы шығады. Сосын қаржы бөлу мәселесі шешіледі.

Ақтауда 183 реттелмейтін, яғни бағдаршамсыз жаяу жүргіншілер жолы бар. Биыл тұрғындардың сұранысы бойынша 11 мен 12, 26 және 28а шағын аудандар арасына, сондай-ақ қалалық мешіт алдына электр бағаналары қойылды. Сондай-ақ 2 мың дана жарық үнемдегіш көше шамдары жаңаланды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев