Аймақтардағы ахуал. 9 қаңтар

Өңірлерде бүлікшілерді ұстау жалғасып жатыр.

Мәселен, Алматы облысында антитеррорлық операция кезінде 20 адам құрықталды. Күдіктілерден 40 қару мен 500-ден аса оқ-дәрі тәркіленді. Таразда да ойран салып, мұздай қаруланғандарға кісен салынды. Ал Қызылордада тәртіп сақшылары 225 бүлікшіні ұстап, оның 50-не қатысты қылмыстық іс қозғады. Ақтауда өзгенің меншігін қиратқан бұзақылар анықталды.

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ

Алматы облысында күштік құрылымдардың лаңкестерді ұстау операциясы жалғасып жатыр. Қалаға кіріп шығатын күре жолдарға блок бекет қойылған. Әскерилер көліктерді тексеріп, жолаушыларды жеке төлқұжаты негізінде өткізіп жатыр. Бүгіннен бастап шаһар ішіне де бекеттер орнатылды. Бұл ретте құзырлы органдар тұрғындарға көшеге себепсіз шықпауды ескертеді.

ТАРАЗ 

Ал Таразда арнайы әскери операция кезінде 14 адам ұсталды. Оның төртеуі облыстық әкімдікті өртеуге белсенді қатысып, алдыңғы шепте жүрген бұзақылар. Құрықтау кезінде олардан 2 калашник автоматы, оқ-дәрілер тәркіленді. Жалпы бүгінге дейін бүлікке қатысы бар 150-ден аса адам ұсталды. 10-ға жуық содырдың көзі жойылды. Ауруханаға 283 адам түскен. Олардың 38-і әлі ем қабылдап жатыр. Дегенмен аймақтағы ахуал біртіндеп тұрақталып келеді дейді мамандар.

ҚЫЗЫЛОРДА

Қызылордада жаппай бүлік кезінде 201 адам медициналық көмекке жүгінген.

Олардың қазір 50 шақтысы ауруханада жатыр. Бұзақылармен болған қақтығыста 20-дан астам полиция қызметкері жарақат алған еді. Қазір олардың басым бөлігі жеке құрам сапына қайта оралды. Облыс орталығында антитеррорлық операция жалғасып жатыр. «Арлан», «Барыс» ауыр әскери техникасымен жарақтанған топ бүлікшілер жасырынуы мүмкін деген тоғай, су арналарын сүзіп шықты. Әуежай маңындағы елді мекендер мен саяжайлар түгел тексерілді. Қала төңірегінде 5 блок бекет тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Тәртіп сақшылары 225 бүлікшіні ұстап, оның 50-не қатысты қылмыстық іс қозғалды.

АҚТАУ

Ал Маңғыстау облысында бұзақылардың автокөліктерді қиратып жатқаны бейнекамераға түсіп қалған. Мына кадрлардан жеңіл көліктердің, автобустардың, тіпті арнайы машиналардың терезелерінің сау жері қалмағанын көруге болады. Кеше алаңнан қайтпай қойған 5 адам Ақтау қаласындағы полиция басқармасына жеткізілді. Қазір олардың мәселесі қаралып жатыр. Қала комендантының айтуынша, кейінгі күндері әуежай мен полиция департаментінің ғимаратына басбұзарлар шабуыл жасаған. Бірақ тәртіп сақшылары оларға қару қолданбастан тойтарыс берді.

Нұрлан Ноғаев, облыс әкімі:

- 2-3 күннің арасында мемлекеттің, әскерилердің мүлкіне қолсұғушылық болып, оны зақымдау жөніндегі іс-әрекеттердің болғанын жоққа шығармаймыз. Бірақ халықтың қолдауының, түсіністігінің арқасында біз ешқандай да оқыс оқиғаға орын берген жоқпыз. Қазіргі таңда облыстағы жағдай тұрақты. Автомобиль, темір және авиа қатынастары тұрақты қызмет атқаруда.

ШЫМКЕНТ

Ал Шымкентте 400-ден астам бұзақы жаппай бүлік жасады деген күдікке ілікті. Олардың 155-інің үстінен әкімшілік, 50-не қатысты қылмыстық іс қозғалды. Жедел құрылған штаб өкілдері бұзақылардың жартысына жуығы шаһар тұрғындары екенін айтып отыр. Ал қалғаны республикамыздың өзге аймақтарынан келген.

Ералы Жұмаханбетов, қала коменданты:

- Қазіргі таңда Шымкент қаласындағы жағдай қалыпты. Құқыққорғау органдарының қызметкерлерімен қала аумағы толығымен бақылауға алынып, заң бұзушылықтарды болдырмау мақсатында іс-шаралар жүргізілуде. Қала тұрғындарын коменданттық сағат талаптарын қатаң сақтауға шақырамын және сенім білдіремін.

ШҚО

Шығыста бүлік кезінде 25 полиция қызметкері түрлі деңгейде жарақат алды. Алайда оның біразы сын сағатта қоғамдағы тәртіпті сақтау үшін сапқа оралды. Бүлікке қатысы бар деген күдікпен 500 адам қамауға алынды. Қазір оларды тергеп-тексеріп жатыр. Облыста жалпы 10-нан астам блок бекет қойылды.

Назерке Әбдірахманқызы