Алматыда қаза тапқан курсанттың денесі арнайы бортпен жеткізілді

Алматыдағы террорға қарсы операция барысында қаза тапқан курсант Мейірхан Бітімнің денесі туған жеріне жеткізілді.

Мырыш табыт Ақтау әуежайына арнайы бортпен әкелінген. Марқұм небәрі 20 жаста еді. Көпбалалы отбасында өскен ол ҚР ҰҚК-нің шекара қызметі академиясының екінші курсында оқыды. Мейірхан Алматыдағы бүлікке қарсы ерлік көрсетті.

Нұрлан Темірғалиев, ҚР ҰҚК облыс бойынша департаментінің бөлім меңгерушісі:

- Бұл күллі Қазақстан үшін әрі ұлттық қауіпсіздік үшін үлкен қайғы. Марқұмның туыстарына шын жүректен көңіл айтамын. Әскери кәсіпті таңдап, ҰҚК шекара қызметі академиясына түссе, офицер болуды, ел іргесін қорғауды қалаған ғой. Сол академияның аумағында жарақат алып, көз жұмды.