Өзбекстанның энергетика министрлігі электр станциясындағы ақауға қатысты жауап берді

Өзбекстанның энергетика министрлігі қазақстандық «Кегок» компаниясының мәлімдемесіне жауап берді. Онда құзырлы ведомство Сырдария станциясында болған ақауды жоққа шығармады. Қазір осы апаттың себебі анықталып жатқанын жеткізді. Айтуларынша, алдағы күндері шешімі белгілі болады.

Бұл – Орталық Азия төңірегіндегі ең ірі жылу электр станциясы. Онсыз Өзбекстан аумағының 30 проценті жарықсыз қалады. Осыдан бірер күн бұрын солай болды да. Қалыпты жұмыс істеп тұрған 10 қазандық істен шықты. Арты тұтас елді қамтыған қараңғылыққа ұласты.

Мұндағы қазандықтардың шуылынан кейде құлақ тұнады. Кез келген жылу электр орталығы үшін бұл қалыпты құбылыс. Бірақ осы аптаның сейсенбісінде станцияда сілтідей тыныштық орнады. Сағат 10:54-тен бастап энергия өндіруші блоктар жұмысын тоқтата бастады. Қалалар мен елді мекендер жарықтан ажыратылды.

Абдрефи Эмирвелиев, пайдалану және іске қосу қызметінің басшысы:

– Қаңтардың 25 күні сағат 10:54-те автоматты қорғау механизмі іске қосылып, Сырдария станциясындағы 500 киловольттық желілер ортақ жүйеден ажыратылды. 11 сағат 9 минутта бүкіл орталықтың жұмысы тоқтады. Осындай ауқымдағы апат Өзбекстандағы өзге станцияларға ғана емес, көршілес елдерге де әсер етті.

Мамандар станция жұмысының тоқтатылуын осылай деп түсіндірді. Анық-қанығы алдағы күндері белгілі болады. Бірақ тұтас елді дүрліктірген жайтқа байланысты билік қатаң шара қабылдауы мүмкін. Жуырда Президент тапсырмасымен құрылған комиссия оқиғаның себебін анықтауға кіріскен.

Жахангер Қырғызбаев, өндіріс директоры:

– Энергоблоктардың апаттық жағдайда ажыратылуынан кейін 1 жарым тәулік ішінде 9-ын қайта іске қостық. 2 мың 500 мегаватт электр қуатын өндіріп жатырмыз. Кезекте 10-сын іске қосу міндеті тұр.

Айта кетейік, жарық сөнген күні Ташкентте жұрттың жүріп-тұруы шектелген еді. Бағдаршамдар жұмыс істемей, көлік кептелісі көбейді. Кеш бата көшелер тас түнекке айналды. Бизнес нысандар жарықсыз қалды. Әсіресе, мұнай-газ өндірушілерге қиынға соқты. Зауыттар электр қуатының жоқтығынан өндіріс көлемін азайтып алды. Салдарын жүргізушілер тартып жүр. Олар күні-түні газ таппай қиналады.

Рауан Мыңбаев, Санжар Шатөлегенов