Маңғыстауда аудандық әкімдік қоқыс мәселесін шешуді қолға алды

Маңғыстауда аудандық әкімдік қоқыс мәселесін шешуді қолға алды

Айтылған сыннан нәтиже шықты. Екі күн бұрын Маңғыстау облысы Басқұдық ауылының маңы қоқысқа толып, үйлердің айналасы полигонға айналып бара жатқанын көрсеткен едік.

Бұралқы иттер қаптап, жағымсыз иіс қолқаны қауып, жұрттың мазасы қашқан. Тұрғындар емін-еркін тыныстай алмаймыз деп шағымданған еді. Бейнематериал эфирге шыққаннан кейін аудандық әкімдік мәселені шешуді қолға алған. Қазір елді мекен шетіндегі алаңды тазарту жұмыстары жүріп жатыр. Мердігер мекеме арнайы техникалармен үйлердің айналасындағы қоқысты азайтқан. Алайда жергілікті билік өкілдері тұрғындардың тек 60%-ы қоқыс тазалау мекемесімен келісімшартқа отырғанын хабарлады. Қалғандары қалдықты кез-келген жерге тастайды, – дейді. Мамандар ауыл тұрғындарын тазалықты сақтауға шақырды.

Нұралы Жұмаев, Басқұдық ауылы әкімдігінің бас маманы:

– Басұдық ауылында 5100 үй болса, соның 3 мыңы ғана келісім жасақтаған. Осы жердегі 60-70 үйде келісім жоқ, сондықтан белгіленбеген орында қоқыс қалдығын тастау фактісі көп алады. Мердігер мекеме мамандары үйлерді аралау үстінде. Алдағы уақытта жасақталады, талаптар орындалмаған жағдайда әкімшілік айыппұл саламыз. Күні кеше шашып тастау фактісі бойынша 5 үйге ескерту жүргіздік. Тазалық жұмыстары жүргізілді.

Қуанышбек Қадыров, ауыл тұрғыны:

– Нәтиже болды, тазалап, жерлерді тегістеп жатыр. Қалған жерді түгел тегістеп берсе екен және арнайы қоқыс контейнерін қойса, келісімшартқа отырамыз. Осы мәселені көтеріп келе жатқанымызға бірер жыл болды.