Бас прокуратура тергеу кезінде азаматтарға қысым көрсетілгенін растады

Кешегі дүрбелеңде қозғалған қылмыстық істің 73%-ті ұрлық пен тонауға қатысты. жалпы т ергеу кезінде қысым көрсету дерегі бойынша 105 қылмыстық іс қозғалды. Ішкі істер органдарының мәліметі осындай, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаңтардағы қасіретке қатысты тергеу әлі жүріп жатыр. Лаңкестік актілер мен жаппай тәртіпсіздіктің қанды салдары ел есінде. Соңғы деректер бойынша оқиғаға қатысты 802 күдікті қамауға алынды. Олардың 113 бұрын істі болған.

Санжар Әділов, ҚР ІІМ тергеу департаментінің бастығы:

– Тәртіпсіздіктер кезінде құқық қорғау және арнаулы органдардың қызметкерлері мен әскери қызметкерлер ішінен 19 адам көз жұмды және 3 мыңнан артық адам дене жарақаттарын алды. Бейбіт тұрғындар арасында қаза болғандар бар екені анық. Бірақ бұл жаппай тәртіпсіздік нәтижесі және әрбір қаза тапқан адам бойынша объективті тергеу жүргізілуде.

Тергеу кезіндегі тәртіп сақшылары тарапынан болған заңсыз әрекеттер де әшкереленді. Бас прокуратура Атыраудағы «Динамо» спорт залындағы азаптауды мойындады. Ал қызметін асыра пайдаланып, тергеу кезінде қысым көрсетілді деген арыздар бойынша 105 қылмыстық іс қозғалды. Прокуратура өкілдері заңсыз әрекеттердің бәрі жіті бақылауда болатынын айтты.

Елдос Қилымжанов, Бас прокуратураның бірінші қызмет бастығының орынбасары:

– Уақытша ұстау изоляорынан 103 адам босатылды. Сонымен қатар бұрын қамауға алынғандардың бұлтартпау шараларын жеңілдетудеміз. Мысалы, прокурорлар Алматы қаласында 59, Қызылорда олысында 3 және ШҚО-да 1 адамды босатты. Олардан ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды.

Қаңтар оқиғасы елге ең көп шығын әкелген кезең ретінде де есте қалады. Мамандардың есебінше, материалдық шығын көлемі 88 миллиард теңгеден асты. Зардап шеккен кәсіпкерлер мемлекеттен көмек алатыны айтылды. Ал жақынынан айрылған азаматтар ашық әрі әділ тергеу күтеді.

Авторы: Ғазиза Мұхамеджанова