Петропавл тұрғыны пәтерінде құс бағып өсірген

Биыл күзде петропавлдықтарды көшеде қазбен серуендейтін әйел таң қалдырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Любовь Зубарева бұл құсты балапан кезінен қолына үйретіп, пәтерінде ұстайды. Енді бір-біріне бауыр басып қалған.

Любовь Зубарева, қала тұрғыны:

– Менің қасымнан кетпейді. Үйде де солай. Үнемі бірге жүреміз. Ал жаныма біреу жақындаса ысылдап, қорғағандай болады.

Ол жұмыртқа жарып шыққанда басқа балапандар бөтенсініп, қатарға қоспай қойған. Жападан жалғыз қалған жас құсты Любовь Зубарева уақытша үйіне алып, Гага деп атайды. Күзге қарай әлгі балапан үлкен қазға айналды. 

Любовь Зубарева, қала тұрғыны:

– Ол бәрін түсінеді. Үйдің ішінде ненің қай жерде тұрғанын да біледі. Тіпті бағдаршамды да жаттап алған. Қызыл түске тоқтап, жасыл жанса, қанатын қағып жүруге дайындалады.

Зейнеткер оны пәтерінде бағады. Аптасына бірнеше рет ваннаға су толтырып шомылдырады. Жаз шыға Ресейде тұратын балаларына беріп жебермек. Қимасам бірге тұрамыз дейді.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов