Түркістан облысында әр жерге көшіп-қонған кітапханаға арнайы ғимарат салынып жатыр

Түркістан облысындағы Бәйдібек ауданында әр мекемеге көшіп-қонып жүрген орталық кітапханаға арнап жаңа ғимарат тұрғызылып жатыр.

100 мың кітап қоры бар рухани мекеме қазір мәдениет үйінің бір бұрышына уақытша жайғасқан. Бұйыртса, құрылысы қызу жүргізіліп жатқан нысан тамыз айында пайдалануға беріледі. Жоба бойынша екі қабатты ғимараттың оқу залы кең, кітап сақтау аймағы барлық талапқа сай болмақ. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасау үшін арнайы пандус пен емін-еркін көтерілуі үшін лифт қойылады. 13 мың тұрақты оқырманы бар мекеменің құрылысына республикалық бюджеттен 330 миллион теңге қаралған.

Жандарбек Сұлтанбеков, Бәйдібек аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Көптеген кітаптар қазір мәдениет үйінің жертөлесінде қоятын орын болмағандықтан сонда жатыр. Оның бәрін шығарып қоюға мүмкіндігі жоқ. Соған байланысты 100 мың кітап қорына арналған кітапхананың құрылысы жүргізілуде. Құдай қаласа, биыл тамыз айында пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз.