Жыл басынан бері Ақмола облысында екі мың оқушы ковид жұқтырған

Жыл басынан бері Ақмола облысында екі мың оқушы ковид жұқтырған

Ақмола облысында 159 сынып карантинге жабылып, оқушылар онлайн оқып жатыр. Себебі аймақта күніне 30-35 бала коронавирустың қармағына ілініп отыр.

Жыл басынан бері 2 мыңға жуық оқушы осы індетке шалдықса, жалпы оқу жылы басталғалы 3 жарым мыңнан астам мектеп жасындағы бала Сovid-19 вирусын жұқтырған. Жағдай, әсіресе, өткен айдың соңында өте қиын болды. Ол кезде күніне 135 балаға дейін ауырған еді. Қазір жағдай қайта түзеле бастағаны, - дейді дәрігерлер. Ал науқастардың 99 проценті екпе алмағандар екен. Сондықтан, вакцинация қарқынын үдету қажет. Қазір облыстағы эпидемиялогиялық ахуал бірқалыпты. Дегенмен, өңір әлі де «қызыл» аймақта болғандықтан мектептерде бірқатар шектеулер бар.

Әсемгүл Сүлейменова, облыстық білім басқармасының бөлім жетекшісі:

– Бүгінгі таңда облыстағы 509 мектеп штаттық режимде оқып жатыр. Ал 43 мектеп аралас форматта жұмыс істеп тұр. Яғни, бұл мектептердегі балалар саны 600-ден жоғары. Осылайша облыс бойынша 11 677 оқушы үйден оқып жүр. Бұл Жарқайың, Атбасар аудандары мен Степногорск, Көкшетау қаласындағы ірі білім ошақтары.

Айнагүл Мусина, облыстың бас санитар дәрігері:

– Бізде 6 мыңға жуық оқушы екпе салдырса, солардың тек он шақтысы ғана коронавирусқа шалдықты. Оның өзінде бұл вакцина алғаннан кейін көп уақыт өтпей болған. Яғни, иммунитеттері қалыптасып үлгермеген.