Алматы облысындағы аурухана оттекті баллонға құйдырып, сырттан алдырып отыр

Алматы облысының Панфилов ауданындағы ауруханаға 2020 жылы оттегі станциясы салынғанымен емдеу мекемесі концентратты баллонға құйып, Алматыдан алдыртып отыр.

Өйткені 76 млн теңге бөлініп, алаулатып-жалаулатып ашылған станция толық қуатымен жұмыс істемей тұр. Өзекті мәселеге қатысты аурухана дәрігерінің орынбасары, заңгері және денсаулық сақтау басқармасындағылар үш түрлі ақпарат берді.

- Егер кислородты станциясыз таза жіберсек, онда тәулігіне 60-80 баллон кетер еді. Қазір бізде қосымша вспомогательный ретінде жіберіліп отырғандықтан тәулігіне 15-20 баллон кетіп отыр. Яғни науқастың санына байланысты.

Аудандық ауруханада науқастарға оттегіні жеткілікті мөлшерде беру үшін мынандай көк балондар пайдаланылып отыр. Өйткені станция келісім шартта көрсетілгендей сағатына 50 текше метр оттегі концентратын өндірмейді. Құрылғының бастапқыда сәйкестендіру құжаттары дұрыс болмай, артынша ақауы бар екені анықталған.

Ерболат Бегімбеков, Панфилов ауданаралық көпсалалы аурухана директорының орынбасары:

- Станциядан шығатын оттегі мөлшері сәл төмен болып тұр. Где-то 85 процент. Оттегі беріледі. Сол себепті біз оны 100 процентке жеткізу үшін қосымша баллондармен қолдап отырмыз. Ауаны сорып алып, оттегіні бөліп шығарады ғой. Сондай бөліктердің мерзімі өткен себеті оны ауыстыру керек екен.

Аурухана директорының орынбасары айтқан сөзді емдеу мекемесінің заңгері жоққа шығарды. Ол станцияның істен шыққанына байланысты тапсырысты орындаған компанияны сотқа бергенін жеткізді.

Айнұр Қосбатырова, Панфилов ауданаралық көп салалы аурухананың заңгері:

- 15 июнь айынан бастап істен шығарылды. Кейбір қажеттіліктерге байланысты. Сондықтан қазіргі таңда істемей тұр. Одан кейін Алматы қалалық мамандандырылған экономикалық сотында тұр. Ешқандай шешім процесс болған жоқ.

Екі жылдан бері әлі күнге дейін әлегі бітпеген мәселеге қатысты денсаулық сақтау басқармасындағылардың мәліметі тіпті басқа.

Арман Жансенгіров, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары: 

- Панфилов аудандық орталық ауруханасында станция 40 процентке оттегі беріп тұр. Қалғаны баллон арқылы толықтырылып отыр. Осы аптада станция толық іске қосылады. Бұдан басқа облыстағы 16 станцияның барлығы қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. 

Ауруханадағы оттегі станциясымен қатар компьютерлік томография да істемей тұр. Сол себепті тұрғындар жолдамамен жекеменшік орталыққа барып тексеріледі. Коронавирус жұқтырғандар жататын ғимараттың да жағдайы көңіл көншітпейді. Науқастар жарты ғасыр бұрын салынып жөндеу көрмеген мекемеде емделуге мәжбүр. 

Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов