Тараздағы қоқыс полигоны тұрмыстық қалдыққа толып кетті

Таразда өріске шыққан мал қоқыстың үстінде жайылып жүр. Тұрғындар қалдықпен қоректенетін малдың арам қатып жатқанын айтады. Ал оның еті мен сүтін тұтыну түрлі ауруларға әкелуі мүмкін деп алаңдап отыр. Қазір қаладан шыққан қоқыс полигонға сыймай, қоршауынан асып кетті. Былтыр салынуы тиіс зауыт жобасы әлі күнге дейін жоқ. Есесіне залал келген аумақтың көлемі ұлғайып, жайылым жерлерге де зияны тие бастады. 

Қазіргі есеп бойынша бұл полигонда 3 миллион тоннаға жуық қоқыс жиналған. Мұнда Тараз қаласынан шығатын қалдықтар төгіледі. Жыл өткен сайын көлемі ұлғайып жатыр. Облыс орталығынан жылына 50 мың тоннаға дейін қоқыс шығарылады.  Ал өңірде оны өңдейтін  бір де бір зауыт жоқ. Қазір 30 гектар алқап толып, маңайындағы жайылым жер ластанған. Желмен көтеріліп шашылған полиэтилен пакетінде сан жоқ. Ауыл халқы мұның төрт түлікке залалы тиіп жатқандығын айтады. 

Қайрат Дәуренбеков, Қостөбе ауылының тұрғыны:

- Қоқыстан шыққан салафандар біздің ауылға дейін жайылып жатады. Жаздыгүні қар сияқты болады. Аппақ болып шөптің басында тұрады. Талай малды базарға апарып сойып жатырмыз. Ішінен кленкалар, қатпарланған қара салафан мен сары пакеттер шығып жатыр.

Манап Рахманберді, Қостөбе ауылының тұрғыны:

- Ит пен құстың бәрі осы жақтан келеді. Өліктің де иісі келеді иттің де иісі келеді. Қонақ күтуден қалдық. Келеді. Далаға шықпайды. Ыңғасыз ғой.

Бұл мәселені шешуге облыс билігі дәрменсіз. Жергілікті мамандар 2019 жылдан бері әрекет еткенімен еш нәтиже шықпай тұр. Екі жыл бұрын Үкімет тарапынан Тараздан қоқыс өңдейтін зауыт салу туралы шешім шыққан. Алайда зерделеуге келген комиссия басқаша шешім шығарған көрінеді.

Нағима Темірбекова, облыстық табиғи ресурстарды және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

- Комиссия мүшелерінің шешімімен Тараз қаласынан шығатын қалдықтар аз болуына байланысты. Тарифтері төмен болғандықтан және инфрақұрылымымыз дамымағандықтан қоқыс жағатын зауыттың қажеттілігі жоқ деп қорытынды берілген.

Мамандардың айтуынша, қоқыс өңдеу зауытын салуға Тараздан шығатын қалдық жеткіліксіз. Ол үшін жылына кем дегенде 100-150 мың тонна қоқыс жиналуы тиіс. Оның үстіне тариф пен инфрақұрылым мәселесі де бар. Бір сөзбен айтқанда, инвесторлар бұл жобаға қызығушылық танытпай отыр.

Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә