Павлодар облысында балабақша жетіспейді

Павлодар ауданына қарасты Мичурин ауылының тұрғындары ауылға дербес балабақша сұрап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл мәселе 15 жылдан бері шешімін таппай келеді. 10 жыл бұрын ауыл мектебі жанынан 75 балаға арналған шағын орталық құрылған. Кейін оның мәртебесі балабақша болып өзгереді. Бірақ көне ғимарат талапқа сай емес.

Мичурин ауылындағы балабақша іргесі осыдан 40 жыл бұрын қаланған ескі мектеп ғимаратында орналасқан. Ата-аналар қолайсыз болса да балаларын бақшаға апаруға дайын. Бірақ бәріне бірдей орын жетпейді.

Алтынай Сесерханқызы, Мичурин ауылының тұрғыны:

– Балабақшаны әлі күнге дейін біз мектептен ажырата алмай отырмыз. Енді осы мәселе бойынша биыл «Балалар жылы» деп Президентіміз жариялады. Жүз мектеп, бірнеше балабақшалар салынады деп жатыр. Осы балабақшалардың бірі – біздің ауылымызға бұйырса екен деген біздің ойымыз бар.

Балабақшаның мектептің бір жақ жанында орналасуы ата-аналардың да, ондағы жұмыс істеп жатқан қызметкерлердің де көңілінен шықпайды. Біріншіден, температуралық режим талапқа сай емес. Екіншіден, шағын орталық пен балабақшаның арасында айырмашылық өте көп дейді олар.

Шағын орталықтан балабақшаға айналған мекемеде бүлдіршіндердің шығармашылығын дамытуға қолайлы жағдай жоқ. Музыка, дене шынықтыру сабақтары дәлізде өтеді. Ауыл балаларын толық қамтуға орын тапшы.

Мария Михайлова, Мичурин сәбилер бақшасы меңгерушісінің міндетін атқарушы:

– Біздің ауылда қазір балабақшаға баруы тиіс 183 бала бар екен. Біз 75 баланы қамтып отырмыз. Қалған 20 баланы ата-аналар көрші Черноярка, Павлодар ауылдарына тасиды. Көпшілігі қалаға апарады. Өкінішке қарай, бізде балалардың көбі үйде отыруға мәжбүр. Себебі балаларды апаруға ата-аналардың шамасы келмейді.

Соған қарамастан тәрбиешілер жоқтан бар жасап отыр. Балдырған Төлегенқызының жұмысқа тұрғанына көп болмапты. Ол бірінші кезекке ұлттық тәрбиені қойған.

Балдырған Төлегенқызы, тәрбиеші:

Осы балалардың бойына ұлттық тәрбиені сіңіру үшін біз қазақ бұрышын жасадық өз қолымызбен, өз күшімізбен. Барлығы арнайы тігілген қазақ бұрышына жасақталып. Онда өздеріңіз көріп отырғандай әдемі қазақы нақышта ою-өрнектермен әсемделіп, сәнделіп жасалған.

Балабақшаға қатысты сауалдарын Мичурин ауылының тұрғындары аудан әкіміне қойды. Кезекті рет мардымды жауап ала алмады.

Ержан Иманслямұлы, Павлодар ауданының әкімі:

– Бір балабақшаға аудан бюджетінен, не облыс бюджетінен ақша болмайды. Біз сондай республикалық бюджеттен сұрап отырамыз. Жобалық құжаттарды бәрін дайындап жіберіп отырамыз. Оны қортындылап бізге кейін береді жәй басқа амалдар бар мысалы, демеушілер болса, жекеменшік иелері, бірақ олар ауылға келмейді.

Аудан әкімінің айтуынша, 140 балаға арнап балабақша салу үшін инвесторлар ауылға келе қоймайды. Сондықтан 2024 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы салынуы мүмкін. Мичурин балабақшасының құрылысы жергілікті мәслихат депутаттарының да жіті назарында.

Дариға Қаржауова, Павлодар аудандық мәслихатының депутаты:

– Бұл – біздің «Нұр Отан» партиясының жол картасына енген жобалардың бірі. Өйткені бұл өте өзекті проблема, жаңа өзіңіз де ата-аналардан естігеніңіздей бұл ауылда кезек өте үлкен балабақшаға. Кейбір балалардың көбі үйде отыр. Өйткені балабақшаның ішіндегі жағдай ол енді бүкіл талаптарға сай келмейді. Шынын айтайық.

Балабақшада бүлдіршіндерге ойнайтын, серуендейтін аула жоқ. Қаладан 15 шақырымда тұрған Мичурин ауылында халықтың саны 3 мыңнан асады.Соңғы жылдары сырт жақтан қоныс аударушылар саны артыпты. Араларында көпбалалы отбасылар бар.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат